Ақтөбеде мектеп асханасында бәліш сатқан директор жұмыстан шығарылды

13.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылындағы орта мектеп ұстаздары әлеуметтік желі арқылы мектеп директорының жұмысын сынады. Шағымға сүйенсек, педагогтер арасында жүктеме талап сай бөлінбейді, мектеп директоры мұғалімдер мен қызметкерлерге дөрекі сөйлеп, айқайлайды.

- Мектеп директоры оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған жалға алушылардың атын жамылып, асханада бәліш (пирожки-ред.), шоколадтар сатып отыр. Самсаның ақшасын Оралда оқитын қызының телефон нөміріне аудартады. Қолма-қол түскен ақшаны өзі алады,- деп жазылған шағымда.

Сонымен бірге дене шынықтыру, көркем еңбек пәндерінің дұрыс ұйымдастырылмайтыны туралы жазылған. Дене шынықтыру пәні мұғалімі түстен кейін футбол үйірмесін өткізуі қажет. Алайда үйірме болмайды. Ал еңбек пәні мұғалімі уақытша алғашқы әскери дайындық пәнін де өткізген.

Мұғалімдер бұл туралы ашық айта алмай, әлеуметтік желі арқылы жасырын таратқан. Шағым түскен соң Ақтөбе облыстық білім басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді.

Фото: Әлеуметтік желіден

- Тексеру кезінде директордың педагогикалық әдеп талаптарын сақтамағаны, мұғалімдер арасындағы жүктемені дұрыс бөлмегені, сонымен бірге мектеп асханасында тыйым салынған өнімді сатқаны белгілі болды. Бұзушылықтар анықталған соң мектеп директоры А.Қарасаева биыл 8-сәуір күні жұмыстан босатылды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбеде НЗМ-ға оқуға түсіруге уәде еткен мұғалім сотталды. Мұғалімге 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол 100 сағат қоғамдық жұмысқа да тартылады.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью