Ақтөбеде мүгедектігі бар адамдар жұмысты қайдан табады

17.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Ақтөбе қаласы бойынша биыл 24 мекемеге 37 квота берілді. Яғни жыл ішінде осы мекемелердің барлығы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауы тиіс. Алайда оның бәрі талапты орындай бермейді.

- Былтыр 20 мекеме 41 адамды жұмысқа орналастыруы тиіс болды. Тек 35 адам квота бойынша тұрақты еңбекке араласты. Мүгедектігі бар адамдардың кейбірі жолдама алып, бармай қалған. Олар жұмыстың ауырлығын, жалақының аз екенін, үй мен жұмыс арасындағы алшақтықты айтады. Кейде адамның өзі мекеме ұсынған жұмыс талаптарына сай болмай шығады. Мәселен Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжіне бірнеше адам жолдама алды. Алайда бірде біреуі қабылданбаған. Сонымен бірге №16 орта мектеп мұғалімінің көмекшісі қызметіне жолдама алған мүгедектігі бар азамат жұмыстан өз еркімен бас тартты. №78 орта мектепке жолдамамен барған азамат та бір күннен соң жұмысқа шықпайтынын айтты. Сөйтіп былтыр Ақтөбе қаласының көрсеткіші 85,4% болды. Мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтымайтын мекеме айыппұл төлейді. Бұл жұмыстың атқарылуын прокуратура бақылап отырады, - деді Ақтөбе қаласы «Мансап» орталығының директоры Айна Мырзатаева.

Сонымен бірге «Мансап» орталығы Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаментіне квота бойынша бос жұмыс орындарын ұсынбайтын мекемелер туралы хабар беріп отырады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудың тағы бір жолы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бүгін 36 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке мүгедектігі бар 25 адам қатысты. Тек жетеуі тұрақты бос жұмыс орындарына жолдама алды. Қалған келушілерге мемлекеттік қолдау тетіктері және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жайлы айтылды.

- Қазіргі кезде қалада мүгедектігі бар 2 мыңға жуық ересек бар. Оның мыңға жуығы үшінші топ, яғни жұмысқа жарамды. Бүгінде «Мансап» орталығына жолыққан 88 адам тұрақты жұмысқа бағытталды. Былтыр 400-ден астамы жұмысқа орналасты. Бізде мал дәрігері, есепші, оператор, зертханашы мамандардың жұмысын сұрайды. Сонымен бірге мектепке жұмысқа тұрғысы келеді. Ал білім ордасына қызметке қабылдау үшін талапқа сай конкурстан өтуі тиіс. Бір қиыны биыл қоғамдық жұмысқа орналастыра алмай отырмыз. Себебі қаржы бөлінбеді. Ал мүгедектігі бар адамдардың көбі осы қоғамдық жұмыс бағытын таңдайды, - деді Айна Мырзатаева.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл тек аудандарға қаржы бөлді. Ал облыс орталықтарындағы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылуы тиіс.

- Былтыр қалада 300-ден астам адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Биыл наурыз айында ең болмағанда 120 қоғамдық жұмыс орнын ұйымдастыруға қаржы бөлуді облыстан сұраған едік. Әзірге қолдау таппады. Ақтөбе қаласы әкімдігі қала бюджетінен де ақша бөле алады. Алайда олар да қаржы қарастырмады. Биылғы өзгеріс туралы алдын ала айтылып, хабар берілді, - деді Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері мүгедектігі бар 156 азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның 61-і тұрақты жұмысқа орналасты. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью