Ақтөбеде өткен экофестиваль 1500 қатысушының басын қосты

17.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ауқымды іс-шара «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №80 орта мектеп базасында өтіп, жас ұрпақ арасында экологиялық құндылықтарды насихаттаудың жарқын алаңына айналды.

Экофестивальге қатысқан өңір басшысы Асхат Шахаров экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру маңызды екенін айтып, мұндай бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеуге ықпал ететінін жеткізді.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Әкім сондай-ақ екі жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы іске қосылғанын еске салды. Бүгінде бұл бастама ел аймақтарында кең қолдау тауып, Ақтөбе облысында белсенді жүзеге асырылып келеді.

«Таза Қазақстан» акциясы өзекті экологиялық мәселелер - аумақтарды тазалау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Тазалық әрқайсымыздан басталады және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Фестивальде ұсынылған жобалар қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін және шынайы қызығушылығын көрсетті.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

«Жасыл балабақша», «Жасыл мектеп», «Жасыл колледж» сияқты бастамалар экологиялық тәрбиенің білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналуда, оған сіздер - дәлелсіздер. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады. Сіздердің бастамаларыңыз бен жобаларыңыз ел болашағын ойлайтын жауапты, бейжай қарамайтын ұрпақтың өсіп жатқанын көрсетеді», – деді әкім.

Экофестиваль бағдарламасы аясында қонақтар бірқатар маңызды жобамен танысты. Балабақшалар, мектептер және колледждер ұсынған бастамалар білім берудің барлық деңгейінде экологиялық тәрбиенің сабақтастығын танытты. Әсіресе экожобалар көрмесі мен «ЭКО-ART» жас суретшілер экспозициясы үлкен қызығушылық тудырып, онда шығармашылық арқылы өзекті экологиялық мәселелер көтерілді.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі «Күн нұрынан туған жасыл әлем» тақырыбындағы флешмоб болды. Ол қатысушыларды табиғатты сақтау және тұрақты болашақ идеясы төңірегінде біріктірді. Флешмоб барысында алғаш рет «Таза Қазақстан» акциясына арналған гимн орындалды.

Сондай-ақ, аймақ басшы оқушы, білім саласының ардагерлері және мәслихаттардың депутаттарымен бірге №80 мектеп ауласына көшеттер отырғызды.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Айта кетейік, өңірде облыс әкімінің бастамасымен «Мектеп орманшылығы» жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Оның аясында оқушылар көшет отырғызып, оларды күтіп-баптайды, осылайша экологиялық тәрбиені тәжірибе жүзінде меңгеріп, табиғатқа деген қамқорлықты ерте жастан қалыптастырады. Сондай-ақ экологиялық тәрбие облыс балабақшаларынан бастау алады, онда балаларға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ерте жастан үйретіледі.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью