Ақтөбеде Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің Дзюдо орталығы ашылды

04.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің алғашқы Дзюдо орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, «Jenys» қорының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов, Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Еркін Оқасов, Халықаралық дзюдо федерациясы өкілдері, спортшылар, ардагерлер, әскери қызметшілер және институт курсанттары қатысты.

Қорғаныс министрі атап өткендей, орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асырудың нақты нәтижесі болды.

– Алғашқы Дзюдо орталығының ашылуы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен әскери қызметшілерді даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастырудағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Бұл – жобаны кең ауқымда жүзеге асырудың алғашқы қадамы. Алдағы уақытта Қорғаныс министрлігінің барлық әскери жоғары оқу орындары мен колледждерінде осындай орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысушыларды орталықтың ашылуымен құттықтап, оның қызметі өңірде дзюдо спортын дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қорғаныс министрлігіне заманауи татамилерді, кимоно жиынтықтарын және қажетті спорттық жабдықтарды ақысыз берген «Jenys» қорының негізін қалаушы Алмаз Әлсеновке алғысын білдірді.

Сонымен қатар ол Қазақстан Қарулы күштерінің Дзюдо лигасын құру және әскер спортына Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) білім беру жүйесін енгізу жоспарлары туралы айтты.

Лига әскери бөлімдердің, әскери жоғары оқу орындары мен колледждердің командаларын біріктіріп, тұрақты жарыстар өткізуді қамтамасыз етеді. Әскери қызметшілер мен курсанттардың спорттық шеберлігін арттыруға, бәсекелес ортаны қалыптастыруға және республикалық әрі халықаралық жарыстарға қатысатын үздік спортшыларды іріктеудің тиімді жүйесін құруға ықпал етеді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью