Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Облыс прокуроры Марат Әбішев заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен үлескерлерді жеке қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кездесу барысында азаматтар тиісті рұқсат құжаттарынсыз тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін қаражат тарту, нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің созылуы және салынған қаражатты жоғалту тәуекелдері мәселелерін көтерді.
Бұған дейін прокуратураның қадағалау қызметі аясында үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқан компаниялар анықталған.
11 проблемалық нысан бойынша жосықсыз құрылыс салушыларға қатысты 5 айыптау үкімі шығарылды.
Сотпен 400-ге жуық үлескердің мүддесі қорғалып, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы 9 талап-арыз қанағаттандырылды.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында «Ақтөбе құрылыс компаниясы – 2023» ЖШС құрылып, бюджет қаражаты есебінен үлескерлердің мәселесін шешу тетігі пысықталуда.
2025 жылы инвестор-мердігерді тарту арқылы бір проблемалық нысанның құрылысы аяқталып, 58 үлескерге пәтер кілттері табысталды.
Осы жылдың желтоқсан айында тағы шамамен 100 пәтерді беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы 1-бөлігі (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзу) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды.
Үлескерлердің құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.