Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ақтөбеде автотұрақ орны үшін дауласқан азаматтар төбелесіп қалды.
Оқиға 8 маусымда кешкі сағат 19:00 шамасында 12-шағын аудандағы №30 үйдің жанында болған, деп хабарлайды КТК.
Телеарнаның мәліметінше, қақтығыс кезінде жүргізушілердің бірі екіншісін ұрған. Зардап шегуші құлап, басынан жарақат алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктінің спортқа қатысы болуы мүмкін.
Ақтөбе полициясы бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«36 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деп мәлімдеді полициядан.
Зардап шегушінің әпкесі әлеуметтік желіде бауырының қазір жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жанжал ер адамның ауладан шығу үшін белгі (сигнал) беруінен басталған, себебі екінші жүргізуші оның жолын бөгеп тұрған.
Туысының мәлімдеуінше, осыдан кейін жанжалдың екінші қатысушысы балағаттап, ер адамды «сөйлесуге» шақырған. Оның айтуынша, зардап шеккен азамат ІІІ топтағы мүгедектігі бар адам және күдіктіден 10 жас үлкен.
Сондай-ақ, ол барлық жайт зардап шегушінің қызының көзінше болғанын хабарлады.
«Соққы күтпеген жерден жасалды. Бауырым соққыдан кейін ғана қорғану үшін қолын көтеріп үлгерді», — деп жазды зардап шегушінің әпкесі.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Желі қолданушылары тұрақ үшін болған тұрмыстық жанжалдың осындай ауыр салдарға әкеп соққанына наразылық білдіріп, мұндай жағдайлар үшін жазаны қатаңдатуды талап етуде.
Қақтығысқа қатысушылардың әрекетіне ресми құқықтық бағаны құқық қорғау органдары беретін болады.
Бүгін, 09:42