Ақтөбеде су қоймаларына рейд жасалды

10.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары Ақтөбедегі суқоймаларға рейдке шықты.

Құтқарушылар балықшылар мен табиғат аясына серуенге шыққан жандарға қауіпсіздік ережелерін еске салды. Айта кеткен жөн, жедел жасақтар қосымша техникамен қамтылды. Арнаулы көлікпен айдындарды аралау мүмкіндігі артқан. 

Зейнет жасындағы Анатолий Ушаков бос уақытында балық аулағанды ұнатамын дейді. Қысы-жазы қармағын тастамайды. Жұбайымен аптасына бір рет өзен-көлде демалуды әдетке айналдырған. Тәжірибелі балықшылар қауіпсіздік ережелерін жақсы біледі. 

Анатолий Ушаков, қала тұрғыны:

- Мұз әбден бекіп, біршама қалыңдағанша көл бетіне шықпаймыз. Мәселен, 10 см-ге жеткенде құтқару кеудешесін киіп жүреміз. Қазір 30 см шамасында. Көлікті де көтереді. Бірақ біз көлігімізді әрдайым жағада қалдырамыз.  

Құтқарушылар рейдке өзен-көлдер қата бастағаннан шығады. Себебі ережені елемейтіндер көп дейді. Мәселен, былтыр күзде балыққа шыққан Темір ауданының тұрғыны қайығынан ауып көз жұмды.

Аслан Арзымбетов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Негізі 20-25 см асатын мұз қауіпсіз болып есептеледі. Бірақ тұрғындардың назарына айтып кету керек әртүрлі техникалар мұз бетіне шығуға тиым салынады. Облыс бойынша су айдындарында мұздың қалыңдығы 15-25 см аралығында. 

Оқыс оқиғаларды алдын алуға бағытталған шара өңірдің барлық ірі суқоймасында өтеді. Құтқарушылар түрлі техникамен аралап, тіпті ұшқышсыз ұшу аппараттарымен әуеден бақылауға көшкен.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Күні бүгінге дейін құтқарушылар көл бетін эйршанамен торуылдап келген. Көлік жүрдек болғанымен екі адамнан артық отыра алмайды. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті эйрқайық алған. Мұз бетімен де суда да еркін жүріп, 6 адамға дейін тасымалдауға болады. 

Айдын бетіне шыққан жанда құтқару кеудешесі, арқан болуы тиіс. Ұялы телефонды су өтпейтін полиэтилен қалташаға салған абзал. Бұл мұз опырылған жағдайда адамды аман алып қалатын негізгі бұйымдар. Егер бұл талаптар орындалмаса төтенше жағдайлар департаменті мамандары әкімшілік хаттама толтырады. Айыппұл көлемі шамамен 30 мың теңге. Алайда бұл жолы құтқарушылар тек ескертумен шектелді.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью