Ақтөбеде тағы бір психоневрологиялық орталық ашылады

15.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, психоневрологиялық орталық ашу кезінде бірнеше ғимаратқа талдау жүргізілген. Ең тиімдісі – Қарабұтақтағы бұрынғы аурухана ғимараты. Бұл нысан шамамен 9 жылдан бері бос тұр.

– Ғимарат үлкен. Қазіргі кезде ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге қаржы бөлінді. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ-ы жиһазбен жабдықтауға көмек көрсетеді. Ақтөбе облысынды психоневрологиялық дертке шалдыққан 6 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Оның 200-ден астамы орталыққа орналастыру кезегіне алынған. Ал интернат саны біреу ғана. Онда да орын босамайды. Тек адамдар қайтыс болған кезде ғана қабылдауға мүмкіндік бар. Осы мәселені көтергенімізге бір жылдан астам уақыт болып қалды. Шешімі табылып тұр. Әйтеке би ауданынан ашылса, кезек азаяды. Әрі облыс орталығында бос тұрған үлкен ғимарат табылмады, - Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшы Ләззат Оразбаева.

Фото: Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Жоспар бойынша 150 орынға арналған орталық ашылады. Мекемеде тәулік бойы медициналық бақылау ұйымдастырылып, психиатриялық және психотерапиялық көмек көрсетіледі.

– Жоба іске асқан жағдайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік туады. Бұл бастама отбасыларға түсетін әлеуметтік жүктемені азайтып, тұрақты әрі сапалы күтіммен қамтамасыз етуге жол ашады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету, психологиялық қолдау және еңбекке бейімдеу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған мәдени-сауықтыру шаралары да қарастырылады. Орталық ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауды күшейтіп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады басқарма.

Фото: Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Фото: Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Еске салсақ, Ақтөбе қаласы шетіндегі № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1988 жылы ашылып, жұмыс істеп тұр. Былтыр бұл жерде 400-ден астам тұрғын болды. Бәрі де жүйке ауруына шалдыққан, кейбірі мүгедектігі бар адамдар. Мұнда 18 жастан асқан ересектер қабылданады.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью