Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қаскөйлер салған ақшаны қысқа мерзімде екі еселеп қайтаруға уәде беріп, азаматтардың миллиондаған теңгесін иемденген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілерде алтын бұйымдарды қайта сату арқылы жоғары пайда табуға болатыны туралы жалған жарнамалар таратқан. Олар тұрғындарды осы кәсіпке инвестиция салуға үгіттеп, қомақты табысқа кенелетініне сендірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғыны оларға 1,5 миллион теңге аударған. Ал тағы бір азамат «алтын» дивидендтерін аламын деген үмітпен 1 миллион 650 мың теңгесінен айырылған. Осылайша, екі тұрғынның шығыны 3 миллион 150 мың теңгеге жеткен.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша «Алаяқтық» бабы аясында тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
«Салған ақшаңызды аздаған уақытта екі еселеуге кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіз. Алтын бұйымдарды, криптовалютаны немесе акцияларды сатудан жоғары пайда табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстардан сақ болыңыз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген инвестициялық ұсыныстардың шынайылығын тексермей, ақша аудармаңыз», – делінген ІІМ хабарламасында.