Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Республика күні қарсаңында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің базасында заманауи білім беру орталығы – AQTOBE IT HUB ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Мұнда бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және басқа да цифрлық бағыттар бойынша білім беріледі.
Облыс әкімі Асхат Шахаровқа жаңа алаңның мүмкіндіктері, заманауи жабдықтары мен оқыту бағыттары таныстырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жасанды интеллекті, цифрлық технологияларды дамыту және білікті IT-мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жастардың заманауи технологияларды меңгеріп, сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау маңызды. Сапасы жоғары жабдықтарды пайдалануға кез келген адамның мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан жастардың қабілетін дамыту, өз жобаларын жүзеге асыру және сұранысқа ие мамандықтарға дайындалуына қажетті жағдай жасап жатырмыз. AQTOBE IT HUB жаңа идеялар мен практикалық білімнің, кәсіби дамудың орталығына айналады деп сенемін», – деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы орталықтың жұмысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатынын атап өтті. Бұл шетелдік мамандарды тартуға, жергілікті педагогтердің біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыруға сеп. Қарастырылған бағдарламалар бойынша оқу тегін жүргізіледі. Осылайша, өңір тұрғындары заманауи технологияларды меңгеріп, IT-мамандықтарды игеруге қосымша мүмкіндік алады.
Іс-шара барысында жаңа кеңістіктің мүмкіндіктері, заманауи жабдықтар мен оқу кабинеттерінің жұмысы көрсетілді. Орталық өңір тұрғындары үшін қолжетімді болады.
AQTOBE IT HUB жұмысының негізгі бағыттарының бірі – Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі. Ол Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту және IT-мамандар даярлау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ашылды. Мектеп 18 жастан асқан азаматтарға арналған. Мұнда бағдарламалау бойынша алдын ала білімі болмаса да, IT-мамандықтарды тегін меңгеруге болады.
Оқыту халықаралық Peer-to-Peer моделіне негізделген. Бұл тәсіл дәстүрлі дәрістердің орнына оқу материалдарын өз бетінше меңгеруді, практикалық тапсырмаларды орындауды және бірлескен жобалармен жұмыс істеуді көздейді. Қабылдау үшін онлайн-тестілеуден және төрт апталық іріктеу қарқынды курсынан өту қажет. Негізгі оқу бағдарламасы 18–24 айға есептелген және бағдарламалау, жасанды интеллект пен машиналық оқыту бағыттарын қамтиды.
«Жылына төрттен алтыға дейін іріктеу қарқынды курсын өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер жыл сайын төрт курс ұйымдастырылса, 400-ге дейін адамға оқу мүмкіндігі беріледі. Іріктеуден сәтті өткен қатысушылар негізгі бағдарламаға қабылданып, оқу барысында 50-ден астам практикалық жоба орындайды», – деді Ақтөбе облысының цифрлық даму басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.
Оның айтуынша, мұндай тәсілдің тиімділігін Астанадағы мектептің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Оқуға қабылданған 493 студенттің 79-ы оқу барысында-ақ IT саласына жұмысқа орналасқан.
Ересектерді даярлаумен қатар, AQTOBE IT HUB мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған білім беру бағыттарын да ұсынады. Орталықта веб-бағдарламалау, робототехника, компьютерлік графика, 3D-модельдеу және жасанды интеллект бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолданып, өздерінің цифрлық өнімдерін жасай алады.
Колледж студенттері үшін орталықтың ашылуы туған қаласынан кетпей-ақ, кәсіби мақсаттарына жақындауға мүмкіндік беріп отыр.
«Мені веб-бағдарламалау қызықтырады. Сайттар мен онлайн-платформалар жасауды үйреніп, болашақта білікті маман атанғым келеді. Сонымен қатар шетелде білімімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мұнда алып жатқан білімім мен тәжірибем осы мақсаттарыма жетуге көмектеседі деп ойлаймын», – деді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті Каусар Батырхан.
Шығармашылық және инженерлік дағдыларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Робототехника сабақтарында оқушылар түрлі құрылғыларды құрастыруды, оларды бағдарламалауды және техникалық міндеттерді шешуді үйренеді. 3D-модельдеу үйірмесінде үш өлшемді нысандар жасап, өз идеяларын цифрлық модельдерге айналдыруға мүмкіндік бар. Ал компьютерлік графика сабақтарында иллюстрациялар, логотиптер, постерлер және басқа да визуалды материалдар әзірлеу дағдылары қалыптастырылады.
Жасанды интеллект бағытына да басымдық беріледі. Оқушылар оқытушылардың жетекшілігімен цифрлық контент жасау құралдарын меңгеріп, қарапайым чат-боттар әзірлейді және оқу жобаларын жүзеге асырады. Сонымен қатар жасанды интеллект нәтижелерін сыни тұрғыдан бағалауға, ақпараттың дұрыстығын тексеруге, деректер қауіпсіздігі мен авторлық құқық талаптарын сақтауға үйретіледі.
«Біздің мақсатымыз – балаларға дайын технологияларды пайдалануды ғана емес, өз идеяларын өз бетінше жүзеге асыруды үйрету. Олардың жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануды, ақпаратты тексеруді және цифрлық құралдардың жұмыс істеу қағидаттарын түсінгені маңызды», – деді политехникалық колледж оқытушысы, жасанды интеллект үйірмесінің жетекшісі Әбен Ақансері.
AQTOBE IT HUB орталығының ашылуы – Ақтөбе облысында заманауи цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Орталық оқушыларды, студенттерді, педагогтерді және болашақ IT-мамандарды біріктіріп, олардың жаңа білім алуына, кәсіби тұрғыдан дамуына және өз бастамаларын жүзеге асыруына жол ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.