Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Ақтөбеде алаяқтар зейнеткерді алдап, 750 мың теңгесін иемденіп кеткен, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
70 жастағы кейуанаға белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкері ретінде таныстырған.
"Олар медициналық қызметтерді әрі қарай алу үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, әйелдің телефонына келген SMS-кодты айтуды сұраған", – деді полиция.
Арада біраз уақыт өткен соң зейнеткерге өздерін eGov порталы мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар алаяқтар оның банк шоттарына кіруге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшасын "сақтап қалу" үшін өз нұсқауларын орындауды талап еткен.
Әйел алаяқтардың айтқанына сеніп, салдарынан 750 мың теңгесінен айырылған.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.