Ақтөбеде жалған медициналық анықтама беруді табыс көзіне айналдырған медбике ұсталды

19.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Ақтөбе облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы медбикені емхана ішінде ұстады. Ол барлығы 40 адамға құжат жасап үлгерген.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Күдікті танысымен алдын ала сөз байласып, жалған медициналық құжаттарды (№ 075, № 086 анықтамалары және кітапша-ред.) дайындау және сатуды ұйымдастырған. Сөйтіп міндетті зертханалық және бейінді мамандардың медициналық тексерулерінен өткізбей-ақ жалған медициналық анықтамалар рәсімдеп отырған. Мұндай құжаттарды рәсімдегені үшін олар 5 000 — 10 000 теңге ақшалай сыйақы алып келген. Қазіргі уақытта осындай анықтамаларды сатып алған 40 азамат анықталды. Жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту барысында «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс методом» және «Анықтамалар үшін» деген жазулары бар жалған мөрлер табылып, тәркіленді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін анықтады. Мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған себебін жасыру және жұмыстан қалуын заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған. Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны анықталған. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью