Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ұлынан айырылған Жәнібек Әлиманов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа, облыс прокуроры Марат Әбішевке, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиевке үндеу жасады. Оның ұлы Әлихан Жәнібек наурыздың 19-нан 20-на қараған түні кісі қолынан қаза тапты. Бұл бір емес, топтың ісі деп санайды әкесі.
— Шалқарда бұрыннан бар жастар арасындағы жікшілдіктің құрбаны болды. Жасөспірімдердің аудан-ауданға бөлініп, топтасып төбелесуі Шалқарда көп жылдан бері жойылмай, тыйылмай келе жатқан проблема. Бірақ осы кезге дейін қаншама бала қаза тапса да, топтасып төбелесуге тыйым болмай тұр. Кей мәліметтерге қарағанда, шалқарлық жасөспірімдер осы оқиға болардан бұрын бірнеше күн қатарынан өзара шекісіп жүрген. 20 наурызға қараған түні бір топ бала жиналып келіп, олардың бірі ұлымның жүрек тұсына пышақ сұғып алады. Жастар жауапкершіліктен қорқып бет-бетіне қашып кеткенде Әлихан қансыраған күйі көшеде жалғыз қалып қойған. Кездейсоқ адам көріп қалып, ауруханаға апара жатқанда жолай жан тапсырады. Осыған орай сіздерге Үндеу жолдауға мәжбүрмін, — деді Жәнібек Әлиханов.
Оның айтуынша, оқиға орнында екі тараптан кемінде 14-15 жас жігіт болған. Ал қазір бір ғана күдікті қамауға алынған.
— Қалған қатысушылардың әрекетіне тиісті құқықтық баға берілмей отыр. Алайда оқиғаның мән-жайы бұл әрекеттің топ болып жасалғанын және қоғам үшін аса қауіптілігін көрсетеді. Сондықтан қылмыстық істің дұрыс дәрежеленуін қамтамасыз етуді, оқиғаға қатысқан барлық тұлғаны заң аясында жауапкершілікке тартуды, тергеудің толық, жан-жақты және объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді, маған заңда белгіленген тәртіппен толыққанды ақпарат беруді сұраймын. Ең басты талабым—топтасып жасалған қатыгездік екенін ескере отырып, қылмыстың ауыр немесе аса ауыр санатқа жатқызылуын сұраймын! Қатысушылар төбелеске шықпай тұрып, пышақты өздерімен бірге алып келген. Демек бұл— алдын-ала жоспарланған әрекет. Біз Әлиханды 22-наурыз күні ақтық сапарға шығарып саламыз. Бұл тек менің отбасымның қайғысы емес. Қазаға қайыр айта келген жүздеген адам Шалқар жасөспірімдері арасындағы жікшілдікті айыптап отыр. Мен бұл жағдайдың жабулы қазан күйінде қалғанын қаламаймын! Әділдік орнайтынына сенемін, — деді Шалқар қаласының тұрғыны Жәнібек Әлиханов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде жастар арасында жаппай төбелес болып, біреуі көз жұмды. Полиция жанжал ішінде болған барлық күдікті анықталып, ацдандық бөлімге жеткізілгенін хабарлады.