Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ақтөбе облысы Шалқар қаласында болған жастар арасындағы төбелесте 17 жастағы Әлихан Жәнібекұлы қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары облыс әкімі Асхат Шахаров, прокурор Марат Әбішев және полиция департаментінің басшысы Қайыркен Әлиевке үндеу жасап, істі әділ тергеуді талап етті.
Оқиға 20 наурызға қараған түні болған. Жастар арасындағы жаппай төбелес кезінде жасөспірім пышақ жарақатын алған. Ол ауруханаға жеткізілер жолда көз жұмған.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын, жанжалға қатысы бар тұлғалар анықталып жатқанын хабарлады.
Марқұмның жақындарының айтуынша, бұл – Шалқардағы көп жылдан бері жалғасып келе жатқан жастар арасындағы топтық жанжалдардың салдары. Олар оқиғаға бірнеше адам қатысқанын айтып, тек бір күдіктінің ұсталуына алаңдаулы.
Туыстары істі ауыр немесе аса ауыр қылмыс ретінде қарастырып, барлық қатысушыларды жауапкершілікке тартуды талап етті. Сондай-ақ тергеудің толық әрі ашық жүргізілуін сұрады.
Әлихан Жәнібекұлы – үш баланың ортаншысы. Оның анасы мұғалім, әкесі теміржолшы. Жақындарының айтуынша, ол әскерге баруды армандаған.