Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
- «Үміт» мамандандырылған сәбилер үйінде қазір қанша бала тәрбиеленіп жатыр?
- Сәбилер үйінің басшылығы қызметіне тағайындалғаныма екі ай болды. Қазіргі таңда мұнда 61 бала бар. Ал бұл сәбилер үйі 55 балаға шақталған. Бала саны тұрақты емес, үнемі өзгеріп отырады. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының шешімінен соң, сонымен бірге Аналар үйінен келеді. Кейде аз уақыттан соң комиссия шешімі өзгеріп, балалары анасымен, отбасымен қауышады. Апта сайын, он күн сайын өзгеріп өзгеріп тұрады.
Фото: Алтынай Сағындықова- Ата-анасы бас тартқан, тастанды балалар бар ма?
- Тастанды бала жоқ қазір. Егер болса, бірден порталға салынады. Бұл бала асырап алу жолы. Әрине, мұндай жағдай сирек те болса кездесіп тұрады. Таяуда ғана перзентханадан хабарласқан еді. Жас босанған ана баласын тапсыруды жоспарлаған. Кейін ол мамандардың ақылына құлақ асып, ойынан бас тартқан. Біз бұл жұмысқа араласпаймыз, мәселенің бәрі перзентхана ішінде шешіледі.
- Ақтөбе облысында балалар үйі жоқ. Тек «Үміт» сәбилер үйі ғана бар. Мұнда балалар неше жасқа дейін тәрбиеленеді?
- Сәбилер үйінде балалар жасына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар кейде баласын уақытша тапсыруға мәжбүр болады. Оның ішінде бір айлық, бес айлық балалар да бар. Олар бір жасқа дейінгі топта тәрбиеленеді. Сонымен бірге 2-3 жас аралығындағы, 4 жасқа дейінгі топтар топтастырылған. Жасқа толмаған балалардың күтімі ерекше болатыны белгілі. Уақытылы тамақтандыру, массаж жасау, ем-домы қарастырылған. Сәбилерді бала күтушісі бағады. Ал өзі жүріп, сөйлей бастаған кезде түрлі дамыту ойындары өткізіледі. Далаға серуендейді, ойнайды, оқиды.
- Әлеуметтік жағдайы төмен, денсаулығы сыр берген кез келген адам баласын уақытша тапсыра ала ма?
- Өмірлік қиын жағдайға тап болғанын айтып келсе, қабылдаймыз. Тек бұған дейін де сәбилер үйіне келіп, көмек алғандарға бірден келісім береміз. Себебі біз оларды танимыз, жағдайын білеміз. Түнде де, күндіз де әкелуі мүмкін. Түнде көбіне полиция рейд жұмыстарына шығып, анықтап, осында жеткізеді. Оларды учаскелік полиция қызметкерлері, учаскелік дәрігері таниды. Сәбилер үйіне баланы уақытша тапсыру кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының шешімінен соң атқарылады. Балаларды 3, 6 айға, 1 жылға да қалдырады. Күтімі жоқ бала бірден көрінеді. Салмағы аз, жұпыны келеді. Бәрі де алдымен оқшаулау бөлмесінде болады. Бірнеше анализ алынып, қорытындысы дұрыс болса ғана топқа қосамыз. Медициналық тексеруден соң сәбилер үйіне бекітіледі. Бала тек комиссия шешімінен соң ғана ата-анасына беріледі.
- Түнде баласын кімдер әкеледі?
- Сағат 04:00-де анасы баласын тапсырып кетті. Қабылдамаймыз деп айта алмаймыз оған. Анасы барар жері жоқ екенін айтып, шамамен 2-3 айлық сәбиін әкелді. Арада бір апта өткенде таныс әйел келіп тұр. Әйелдің айтуынша, сәбидің анасы Аналар үйінде тұрған, кейін жұмысқа шығып, танысының үйін паналаған. Сол танысы балаға бауыр басып қалғанын, сәбиді көргісі келетінін айтты. Біз туғаны болмаса көрсете алмаймыз, кездесуге рұқсат бермейміз.
- Ата-ана баласымен қаншалықты жиі кездесе алады?
- Аптасына бір рет тек жұмыс күндері кездесуге болады.
- Сәбилер үйінде қанша адам еңбек етеді?
- Барлығы 80-ге жуық адам жұмыс істейді.
- Бұрын сәбилер үйі ғимаратының бір бөлігінде ерекше балалар тәрбиеленді. Қазір ше?
- Бұрын болды, бірақ қазір ерекше балалар бөлімі жоқ.
- Қайырымды іс жасап, көмек қолын бергісі келетін адамдар жиі келе ме?
- Қайырымдылық қолдау көрсететін адамдар балаларға арналған киім-кешек, жөргекпен қатар балаларға арналған қоспа, жеміс-жидек әкеледі. Келген адамды бірден есепшіге жіберіп, тіркеп аламыз. Содан кейін ғана қабылдау жүргізіледі.
- Шешімін күткен мәселе бар ма?
Фото: Алтынай Сағындықова- Жөндеу жұмысы. Бірақ ол жайлы жауапты облыстық денсаулық сақтау басқармасы айта алады. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Үміт» сәбилер үйі соңғы рет 2010 жылы күрделі жөндеуден өтті. 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 6,5 млн теңге қаржы бөлінді. Жобалық-сметалық құжат жасалғанымен, сараптама қорытындысы әлі алынбады. 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан өту үшін қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жіберілді, алайда қаржыландыру тоқтатылды. Денсаулық сақтау басқармасы 2023 жылғы құжат мақұлданса жөндеуге 1,5 млрд теңге қажет екенін айтты.
Еске салсақ, 2023 жылы балалар үйінің саны мен ондағы тәрбиеленушілер саны 2 есе азайғаны туралы жазылды. Ол кезде ҚР Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті соңғы он жылдағы өзгерісті атады.