Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бүгін еліміздің саяси, қоғамдық және әлеуметтік өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға – жаңа форматтағы бір палаталы заң шығарушы орган, бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы өз жұмысын бастады. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы тарихи жиында сөйлеген бағдарламалық сөзі еліміздің алдағы онжылдықтарға арналған стратегиялық даму бағдарын айқындап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Ұлт болашағын тікелей анықтайтын бұл алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев арнайы қатысып, отандық ғылыми қауымдастық атынан Мемлекет басшысының реформаларына толық қолдау білдірді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы ғылым, білім және технологиялардың шешуші рөліне айрықша тоқталды. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық пен технологиялық сын-қатерлер жағдайында тек экономикасы қуатты емес, сонымен қатар адам әлеуеті жоғары, зияткерлік қоры бай мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделе алатыны сөзсіз. Бұл орайда Президент: «Біз қалағанымыздай жедел болмаса да, еліміз ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алды», – деп, ғылымды дамытудың баламасыз маңыздылығын шегелеп айтты.
Осы ауқымды жиында айтылған ойларға сүйене отырып, Ұлттық ғылым академиясы ғылым мен білім саласына қатысты келесі негізгі нормалар мен стратегиялық бағыттарды ерекше назарға алады:
Жасанды интеллект және ғылымдағы цифрлық трансформация
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асырудың маңыздылығын қадап айтты. Технологиялық дамудың қарыштаған заманында жасанды интеллект тек білім беруде ғана емес, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерде де басты құралға айналуы тиіс. Заң шығару үдерісінің өзінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын «Е-Parliament» жүйесін іске қосу – цифрлық трансформацияның мемлекеттік басқарудың ең жоғары деңгейіне жеткенін көрсетеді. Ғылым академиясы өз тарапынан отандық ғалымдардың жасанды интеллект бағытындағы зерттеулерін үйлестіріп, деректерді талдау мен инновациялық жобаларды нақты экономика секторына енгізуге күш салады.
Білікті мамандарды даярлау және «Алтын виза» бастамасы
Ел экономикасы мен ғылымына тың серпін беру үшін кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандар мен заманауи технологияларды көптеп тарту көзделген. Осы мақсатта Мемлекет басшысы көші-қон саясатын жетілдіріп, «Алтын визаны» енгізуді ұсынды. Бұл норма, әсіресе, ғылым мен жоғары білім саласы үшін теңдессіз мүмкіндік. Әлемдік деңгейдегі ғалымдарды, мықты зерттеушілер мен инноваторларды елімізге тарту арқылы біз отандық ғылыми мектептердің әлеуетін күшейтіп, халықаралық тәжірибе алмасудың жаңа көкжиегін ашамыз. Бұл қадам жас ғалымдарымыздың жаһандық ғылыми ортаға еркін интеграциялануына зор серпін береді және шетелде жүрген талантты қандастарымыздың елге оралып, Отандық ғылымға қызмет етуіне қолайлы орта қалыптастырады.
Зияткерлік әлеуетті нығайту және адам капиталы
Мемлекет басшысы біздің әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән беретінімізді, соның ішінде білім беру саласын жан-жақты дамытудың маңыздылығын ескертті. «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу тапсырмасы – ұлттың интеллектуалдық қорын байытуға бағытталған маңызды стратегиялық қадам. Ғылыми әдебиеттерді қолжетімді ету, зияткерлік еңбекті бағалау – сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, жасампаз қоғам құрудың негізгі іргетасы болып табылады. Тек терең білім мен мықты тәртіпке негізделген ұлт қана масылдық пиғылдан арылып, жасампаздыққа бет бұра алады.
Қорыта айтқанда, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Күшті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған саяси және экономикалық реформаларын толық қолдайды.
Біздің ортақ мұратымыз – қоғамды ұсақ дау-дамай мен өзара алауыздықтан арылтып, елдің зияткерлік әлеуетін еселеп, ғылым мен білімді ұлттық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру. Осы мақсатта ҚР Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылыми қауымдастықты бір арнаға тоғыстырып, ғалымдардың әлеуетін елдің стратегиялық міндеттерін шешуге жұмылдыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстарды жалғастыра береді.
Жаңадан жасақталған Құрылтайдың ел игілігі жолындағы жұмысына толағай табыс, береке мен нәтижелі бастамалар тілейміз! – деді Ақылбек Күрішбаев.