Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Ғылым елдің стратегиялық дербестігінің тірегі

29.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Президенттің «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда» деген тұжырымы Жолдауда көтерілген міндеттердің өзара байланысын айқындайды. 

Экономиканы әртараптандыру, энергетикалық дербестікті қамтамасыз ету, су тапшылығын еңсеру, ауыл шаруашылығын жаңғырту – барлығы терең зерттеуді және отандық ғылыми шешімдерді қажет етеді.

Меніңше, Жолдаудың ғылым үшін маңызды бірнеше қыры бар.

Біріншіден, ғылым мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге бастапқы кезеңнен қатысуы қажет. Инфрақұрылымды жоспарлау, өңірлердің өндірістік әлеуетін бағалау, ел дамуының ұзақмерзімді басымдықтарын айқындау сенімді деректерге, ғылыми болжамға және тәуелсіз сараптамаға сүйенуге тиіс. Ғалымдардың міндеті – ықтимал тәуекелдерді алдын ала көрсетіп, тиімді шешім ұсыну.

Екіншіден, технологиялық жаңғыру отандық зерттеулерге нақты сұраныс қалыптастыруы керек. Жолдауда геологиялық барлауды жаңа деңгейге көтеру, сирек кездесетін металдарды тиімді игеру, энергетиканы дамыту және ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу міндеттері қойылған. Осы бағыттарда ғылыми институттар, университеттер мен кәсіпорындардың бірлескен жұмысы шешуші мәнге ие. Зертханалық нәтижені өндірісте сынақтан өткізуге және қолданысқа жеткізуге мүмкіндік беретін тұрақты байланыс қажет.

Үшіншіден, су қауіпсіздігіне қатысты міндеттер ғылымның пәнаралық әлеуетін жұмылдыруды талап етеді. Су қорын дәл есептеу, климаттық өзгерістерді болжау, суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру үшін гидрология, аграрлық ғылым және цифрлық технологиялар тоғысында жұмыс істеуіміз керек. Мұндағы әрбір ғылыми шешімнің құндылығы үнемделген сумен, сақталған экожүйемен және шаруаның тұрақты табысымен өлшенеді.

Төртіншіден, жасанды интеллектіні меңгеру зерттеу жүргізу тәсілдерімізді де жаңартуға тиіс. Есептеу инфрақұрылымының әлеуетін отандық ғылыми міндеттерге бағыттап, сапалы деректер қорын қалыптастыру, жаңа модельдер әзірлеу және жас зерттеушілердің құзыретін арттыру маңызды. Бұл жұмыс іргелі ғылымның берік негізін және ғылыми адалдықты талап етеді.

Ұлттық ғылым академиясының осы үдерістегі жауапкершілігі – еліміздің зияткерлік әлеуетін ортақ басымдықтар төңірегінде біріктіру, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу және ғылым, мемлекет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайту. Жас ғалымдарға өз елінде ізденіп, жаңалық ашып, нәтижесін іске асыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет.

Жолдаудағы адам капиталына басымдық беру ұстанымы ғылымның қоғамдық мақсатын да айқындайды. Ғылыми жетістік азаматтың денсаулығын жақсартуға, сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада өмір сүруіне және өнімді еңбек етуіне қызмет етуге тиіс.

Қазақстанның болашағын айқындайтын осы міндеттерге ғылыми қауымдастық нақты зерттеумен, сапалы сараптамамен және өндіріске жеткен жаңалықпен жауап беруі керек деп сенемін. Ғылымға сүйенген елдің болашағы берік!

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью