Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Спикердің айтуынша, ақылы автожолдар инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
– Қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 4900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаске енгізу жоспарланып отыр. Олар: Қарағанды–Балқаш–Бурылбайтал, Бұрылбайтал–Күрті, Ақтөбе–Қандыағаш–Мақат, Талдықорған–Өскемен, Атырау– Астрахань, Меркі–Шу–Бурылбайтал жолдары, – деді Д. Иманашев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ, ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді.
– Қазіргі таңда 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымында қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Әзірге бұл өзгерістерді мемлекеттік органдар қарастырып жатыр, – деді Қазавтожол басшысы.
Еске сала кетсек, өткен жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түскен. Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға бағытталған. Оның ішінде 1456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынған, 354 мың шаршы метр жол жабынына жөндеу жүргізіліп, 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілген.
Айта кетейік, биыл 9 мың шақырымға жуық автожол жөнделеді.