Ақын туралы арда сөз

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

446 беттен тұратын, көлемі 28 бас­па табақты құрайтын салмақты жинақ «Кітап» баспасынан жарық көріпті. Құрас­тырушысы әрі ақынды жалғыз іздеуші – Қазақстанның құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбай екен.

Жинақты қолға алғанда бірден ойға келген нәрсе: өмірден өткеніне қырық жылға жуықтаса да, мемлекет тарапынан бір де бір кітабы жарық көрмеген қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы үшін мұндай естеліктер топтамасының шығуы еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі оқиға, өткен ғасырдың 60 жылғы ақындар «плеядасының» туұстарына айналған, бірақ «іздеушісі жоқ» ақынға қойылған мәңгілік ескерткіш деуге болады.

Қазақта «тау алыстаған сайын биік көрінеді» деген керемет тәмсіл бар. Бірақ, тосын мінезді Тоқаш ешқашан жанымыздан алыстамайтын, көзі тірісінде өзі шыққан биігімен қашанда қасымызда тұратын ақын. Өйткені Тоқаштың толғаған өлеңдері мен жазған прозасы, айтқан ойлары санамызда әлі жаңғырып тұр, әлі де жаңғыра беретініне күмән жоқ.

Асқар таулар ақша бұлтқа бөленген,

Биіктігі мақталады өлеңмен.

Көктен көлбеп түспес болар биіктік,

Шын биіктік басталады төменнен, – деп жырлайды ақын. Кез келген биіктік пен шыңның төменнен басталатынына кімнің қарсылығы бар?

Оның бәйтеректей биік, дүмінің терең әрі мықты болуы, ой салмағының ауырлығы және бүгінгі қажеттілігі тұрғысынан алғанда да ақын ой-иірімдерінің орны ерекше. Ол жазған өлеңдер мен ойлардың әрі ащы, әрі тәтті дәмін сезінетіндер үшін ақын Тоқаш өмірдің қандай сәтсіздіктерінде болмасын, қашанда жанымыздан табылып отырды десек, артық айтқанымыз емес.

Кітапта «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» ақынның өзіндік қолтаңбасын айқындайтын зерттеулер мен естеліктер барынша сұрыпталып алынғаны байқалады. Мысалы, М.Әуезовтің жылы пікірі, сондай-ақ Р.Бердібаев, С.Әшімбаев, Қ.Сәрсекеев, Д.Исабеков, Т.Медетбек, М.Байғұт, Қ.Ергөбеков, Е.Раушанов, Ұ.Есдәулет, Е.Ашықбаев, тағы басқалардың эсселері мен зерттеулері ақын өмірі мен шығармашылық ерекшеліктерін тамаша талдап, жеткізген дүниелер. Бұлардың қай-қайсысының да жазғандары оқырманды бейжай қалдырмайды. Қызықты оқылады.

Жинақтың құрастырушысы, ақын Болат Шарахымбайды тыңдайық:

–Әрине, Тоқаш туралы жазылған дүниелердің бәрін жинаққа енгізуге мүмкіндігіміз болмады. Тек ең таңдау­лыларын сұрыптап беруге тырыстық. Меніңше, бұл кітап көрнекті ақын туралы шығып жатқан естелік кітаптардың соңғысы емес. Болашақта Тоқаштың толық энциклопедиялық жинағын құрас­тырсақ деген жоспарымыз бар. Сол кезде Т.Бердияровпен байланысты барлық дүниені қамтимыз, – дейді ол.

Ал тағдырлы ақынға қатысты қолы­мызға тиген жинақта қазақ баспасөзінде жарық көрген сын мақалалар, естеліктер мен архивтік құжаттар топтастырылған. Кітап «Кез келген адам – дүниенің кіндігі», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Өлең үшін күрес – өмір үшін күрес» атты  үш бөлімнен тұрады және әр бөлімінің өзі көтеріп тұрған жүгі бар.

Айта кетейік, Тоқаш – қазақ поэзия­сына ешкімді қайталамайтын өзгеше қолтаңбасымен келген ақын. Оның жырларында адамды өзіне магниттей тартып тұратын бір тылсым күш бар дейді зерттеушілер. Бірақ, ол қандай күш? Меніңше, ол – шынайылық және таза ақындық мінез. Ол 1941–1945 жылғы соғысқа қатысып, қан кешкен майдангер, соғыстан кейін Балтық әскери-теңіз фло­тында су асты кемесінде матрос болып кызмет істеген. Біз тағдырлы ақын­ның ғұмырбаянындағы осы бір кезеңді ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Себебі ақын мінезін шыңдауда әскери өмірдің тигізген пайдасы көп болғаны сөзсіз. Оның ешкімге ұқсамайтын мінезі мен еш ақында кездеспейтін көркемдік ерекшеліктері оның осы «соғыс көргендігімен» тікелей байланысты болса керек.

Сөз соңында аз таралыммен болса да кітаптың жарық көруіне ақын, жазушы, зерттеуші, публицист Болат Шарахымбайдың жеке өзі мұрындық болып, демеушілік көрсеткенін айтып өтсек, артық болмас деп ойладық. Жақсылық жасауда астындағы жалғыз атын сойып беруге даяр осындай арда азаматтар бар да, қазақ ешқашан жоғалмайды.

Әлібек БАЙБОЛ,

жазушы, әдебиеттанушы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью