Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның XII отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді.
Депутат «Ақ жол» демократиялық партиясы көтерген бірқатар ұсыныстың жобаға енгізілгені үшін комиссия мүшелеріне алғыс білдірді.
– «Ақ жол» демократиялық партиясы көтерген бірқатар ұсыныс жобаға енгізілгені үшін комиссия мүшелеріне алғысымды білдіремін. Атап айтқанда, бизнес құқықтарын қорғау, меншік нысандарының әртүрлілігі мен оларды қорғау кепілдіктерін бекіту, банк және коммерциялық құпия мәселелері ескерілді. Жаңа Конституциядағы басқа да маңызды жаңашылдықтармен бірге бұл нормалар кәсіпкерлердің заңды құқықтарын ілгерілетуге, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және жеке бизнесті дамытуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар ол «Ақ жол» партиясы ұлттық мүддені қорғау мәселесін көп жылдан бері көтеріп келе жатқанын атап өтті.
– Конституция преамбуласының қайта қаралып, Қазақстанның қазіргі мемлекеттік құрылымы оның мыңжылдық тарихи тамырларымен сабақтастырылуын ерекше құптаймыз. Жедел дамушы қалаларға ерекше мәртебе беру мүмкіндігін маңызды деп санаймын. Бұл елімізге инвестициялармен қатар, жаңа өнімдер, тауарлар мен қызмет түрлерінің пайда болуына ілесе бермейтін реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы озық технологияларды тартуға жол ашады, – деді ол.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясы Конституциялық реформаға қатысты мәлімдеме жасаған еді.