Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ресей президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте табысты, өрлеу бағытында дамып келеді. Сонымен қатар бірден атап өткім келеді: Қазақстандағы достарымыз, серіктестеріміз оңай серіктестер емес. Бізде әрбір дерлік мәселе бойынша өте қызу пікірталастар жүреді. Бұл қаржы саласындағы қатынастарға, өнеркәсіптегі байланыстарға, инвестициялық қызметтің шарттарына, ірі жобаларға қатысты. Бірақ екі тарапта да тек өзара тиімді емес, ортақ мақсаттарға жетуге ықпал ететін ымыраны табуға деген ниет бар. Ал ортақ мақсат біреу – Қазақстан мен Ресей азаматтарының әл-ауқатын арттыру және елдердің дамуын қамтамасыз ету», деді Владимир Путин.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен Ресейді көпғасырлық тарих байланыстыратынын атап өтіп, екі ел ынтымақтастығының болашағы зор бағыттарының бірі білім беру саласы екенін айтты.
«Білім берудің беретін артықшылықтарын одан әрі дамытуға қызығушылық өте жоғары. Бұл Қазақстандағы білім беру деңгейіне де, Ресей Федерациясындағы білім беру жүйесінің жаңа даму үрдістеріне де қатысты. Өздеріңіз білетіндей, біз Қазақстан Президентімен бірге дарынды балаларды іздеу және қолдаудың тиімді тәсілдерін қалыптастырған «Сириус» жүйесінің жұмысын бастау рәсіміне қатыстық. Қазақстанда талантты балалар өте көп, оларды тек тауып, қолдау қажет. Біздің ынтымақтастығымыздың осы бағыты дәл осыған арналады», деді Путин.
Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттарына тоқталған Ресей президенті энергетика, өнеркәсіп, ғарыш саласы және Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына ерекше назар аударды.
«Қазақстан – әлемде аса қажет әрі сұранысқа ие табиғи ресурстарға өте бай мемлекет екенін атап өткім келеді. Мен электр станциялары мен атом электр станцияларына арналған отын туралы айтып отырмын. Біз Қазақстанмен осы бағытта табысты ынтымақтастық орнаттық. Өзінің табиғи ресурстық әлеуетіне сүйене отырып және бірлескен мүмкіндіктерді дамыта отырып, Қазақстан энергетика саласындағы көптеген міндеттерді шешіп, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Ел энергия көздерін әртараптандырады. Менің білуімше, Қазақстан қажетті электр энергиясының шамамен 20 пайызын атом электр станциясы арқылы өндіруді жоспарлап отыр», деді Ресей президенті.
Ол сондай-ақ Қазақстан мен Ресей уран өндіру саласындағы бірлескен жұмыстарды жалғастыратынын айтты. Оның пікірінше, атом электр станциясы жобасын жүзеге асыру елді қосымша энергетикалық қуатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың жаңа саласын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Путин: Ресей мен Қазақстанның арасында мызғымас достық орныққан
Путиннің айтуынша, атом энергетикасын дамыту мамандар даярлаумен, ғылыми зерттеулерді кеңейтумен және өндірістік базаны құрумен қатар жүреді. Бұдан бөлек, тараптар ғарыш саласында, машина жасауда және басқа да бірқатар бағытта ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін растады.
Журналистер сондай-ақ Амур жолбарыстарын Қазақстанға беру мәселесінің маңызы туралы сұрады. Сұрақ бұл қадамды тек экологиялық жоба ретінде ғана емес, екі ел арасындағы сенімнің белгісі ретінде қарастыруға бола ма деген тұрғыда қойылды.
«Жолбарыстарға қатысты айтсақ, бұл – табиғи нәрсе. Біз табиғатты, экологияны, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қалпына келтіруді ойлаймыз. Бізге де көмектеседі. Мысалы, Тәжікстан бізге қар барыстарын сыйлаған болатын, сол үшін тәжік достарымызға ризамыз. Біз Қиыр Шығыс жолбарыстарының популяциясын сақтап қалу үшін көп жұмыс атқардық. Айтпақшы, бұлар әлемдегі ең ірі жолбарыстар. Одан үлкен жолбарыс жоқ. Бұрын Қазақстанда да осыған ұқсас жолбарыстар болған. Біз әрине, Қазақстандағы достарымызға көмектесеміз», деді Владимир Путин.
Ресей президенті жолбарыстар мен басқа да сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау экологиялық ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.
Сонымен қатар тараптар трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мәселелерін қоса алғанда, экология саласындағы практикалық мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ» атты мақаласы жарияланды. Онда ол Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйіне және оның келешегіне қатысты ойларын ортаға салған.
Ресей Президенті 27 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізіп, бірлескен мәлімдеме қабылдады.