Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Дәрігер науқастың жағдайына эмоционалды түрде араласуы керек пе? Сабыр сақтап, арақашықтықты ұстану немқұрайды қарау белгісі ме? Бұл туралы TengriHealth авторлық бағанында хирург-онколог Томирис Сарина ой қозғайды.
Дәрігер науқастың жағдайына эмоционалды түрде араласуы керек пе? Сабыр сақтап, арақашықтықты ұстану немқұрайды қарау белгісі ме? Бұл туралы TengriHealth авторлық бағанында хирург-онколог Томирис Сарина ой қозғайды.
Сенім – медицинаның негізіДәрігер мен науқас арасындағы сенім жіп секілді. Қарым-қатынас ұзақ уақыт бойы қалыптасуы мүмкін, бірақ сәл қаттырақ тартсаң – ол үзіліп кетеді. Ауруға шалдыққан адамдардың сезімін жақсы түсінемін – әр адамның тағдыры бірегей және өзі үшін ең маңыздысы.
Дәрігер науқаспен бірге жылап, "сіздің жаныңыздың ауырғанын түсінемін" деп айтпаса немесе қандай да бір күшті эмоция көрсетпесе, науқас мұны салқындық деп қабылдайды. Бірақ бұл мүлдем олай емес.
Мен сабырлы, байсалды және нақты сөйлеуге тырысамын – адам бәрін түсініп, әрекет ете бастауы үшін бұл маңызды. Онкологияны емдеу – бұл ұзақ жол және біз бір тізбектеміз. Науқас дәрігерсіз, ал онколог емдеп жатқан адамының ынтасы болмаса нәтижеге жете алмайды.
Бұл жұпта ең болмағанда біреуінің суыққандылықты сақтағаны маңызды. Ал мұны, өздеріңіз түсінгендей, дәрігердің жасағаны оңайырақ.
Бірақ неге сабырлы болу сырт көзге немқұрайды қарау болып көрінеді? Күніне 10 адамды қабылдайтын болсақ, әрқайсында жылай алмаймыз ғой? Адамның жағдайына мән бермеу керек пе? Олай да болмайды. Өйткені ол безбүйрек деген пікір қалыптастырады, содан кейін сенімсіздік пайда болады.
"Бұл қайталана беретін процесс"Адамдар жанашырлық танытса (іштей емес, дәл сырттай көрсетілгені) дәрігер жақсы маман деп ойлайды. Бірақ көбінесе бұл қате пікір: өзімізді сақтау және кәсіби тұрғыда қажымау үшін бізге арақашықтық қажет. Парадокс та осында: емдегің және құтқарғың келсе – өзіңді күт. Егер әр науқастың тағдырына толықтай берілсең, әрі қарай көмектесуге физикалық және эмоционалдық күшің өте тез сарқылады.
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Томирис Сарина
хирург-онколог
Мен өзім үшін шартты формула шығардым: алдымен дәрігерлер "қатты көңіл бөледі" – әлі күш бар, бірақ қажу мен түңілу белгілері біліне бастайды. Содан кейін мүлдем "сөніп қалады" – ешқандай энергия да, бірдеңе істеуге деген құлшыныс та қалмайды, бұл қалыпты жағдайға айналғанша осы күйде жүре береді. Сол күйге үйреніп кетеді де, қайтадан "сөнеді".
Кәсіби қажу тек дәрігерлерге емес, көпшілікке таныс жағдай. Жалпы алғанда, бұл – жұмыс процесіне байланысты күйзеліс. Физикалық немесе эмоционалдық қажу жағдайы, бұған қоса адам өзінің кәсіби қауқарсыздығын сезініп, жұмысына және өзіне көңілі толмайтын болады.
Бірақ медицинада бұл өте қауіпті, өйткені ол тек бір адамға емес, сонымен қатар сол қажыған маман емдеп жатқан науқастарға да қауіп төндіреді.
Эмоционалдық қажу – дәрігерлер арасында жиі кездесетін құбылыс. Ол жоғары кәсіби жүктемеден, кадр тапшылығынан және тұрақты психоэмоционалдық жиіліктен туындайды.
Беделді JAMA медициналық журналының мәліметтері бойынша, 549 хирург-онкологтың 28 пайызында эмоционалдық қажу белгілері, ал 30 пайызында депрессия анықталған. Бұл халықаралық деректерді басқа елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы жағдайды түсіну үшін де қолдануға болады деп ойлаймын.
Қазақстанда 2023 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің, яғни емхана қызметкерлерінің эмоционалдық қажу деңгейіне бағалау жүргізілді. Оның көрсеткіші MBI шкаласы бойынша 32,6 балл болды. Салыстыру үшін: 27 балдан жоғары көрсеткіш эмоционалдық қажудың жоғары деңгейіне жатады.
Эмпатия және іштегі күйреу сезіміДәрігердің суыққандылығы – бұл эмпатияның жоқтығы емес. Бұл эмпатияның тым көптігінің салдары. Мен көп нәрсені түсіндіретін және дәрігерлердің ішкі дүниесінде не болып жатқанын аздап көрсететін бір оқиғаны мысалға келтірейін.
Менде бір науқас болды, ол үшін бүкіл командамызбен үш айға жуық күрестік. Емдеу барысы, бірінен соң бірі жалғасқан бірнеше ауыр асқынулар, үнемі шешім қабылдау қажеттілігі, күнделікті шиеленіс пен түн ортасында оятатын мазасыздық және адаммен бірге ауруды жеңу жолында пайда болатын көзге көрінбейтін байланыс.
Әрине, мен оған бауыр басып қалғанымды көрсетпедім – солай қабылданған, солай қауіпсіз. Бірақ іштей ол үшін күн сайын уайымдадым.
Ақыры оны ауруханадан шығарған кезде, мен шын жүректен қуандым. Ол үшін. Оның жақындары үшін. Біздің командамыз үшін және өзім үшін – біз осы қиын жолдан бірге өттік, өйткені оны ауруханадан өз аяғымен шығара алатыныма күмәнданған сәттерім де болған еді.
Томирис Сарина ота кезінде. Жеке архивтен алынған фото
Ал кейінірек оның ауруханадан шыққаннан кейін бірнеше айдан соң қайтыс болғанын білдім.
Жоқ, жылағым келсе де, жылаған жоқпын. Біреу көріп қойып, мені тым биязы, тым нәзік екен деп ойлай ма деген қауіп болды. Хирург бұлай істемеуі керек, мұндай болмауы тиіс деген түсінік басым еді. Бұл әлсіздік әрі ұят нәрсе сияқты көрінді. Бірақ іштей күйреу сезімі ұлғайып, кеудемде үңірейген тесік пайда болғандай болды.
Осындай ішкі жарамен жұмысымызды жалғастыра береміз. Содан кейін жаңа пациенттер, жаңа асқынулар, өлім жағдайлары болады. Олардың әрқайсы өз ізін қалдырады.
Уақыт өте келе мұндай "жаралардың" көптігі сондай, кәсіби төзімділік қай жерде аяқталып, эмоционалдық сарқылу қай жерде басталатынын түсінбей қаласың. Бірақ бәрібір таңертең оянып, жұмысқа барасың.
Өйткені пациенттер келе береді: біріне көмек, біріне шешім, біріне жай ғана көңіл бөлу қажет.
Егер дәрігер кейде суық көрінсе, бұл оның сезімі жоқ екенін білдірмейді. Ол жай ғана әр жағдайды терең қабылдауға күші жетпейді.
Сондықтан эмоционалдық арақашықтық, әсіресе хирургия немесе онкология сияқты салаларда - тасжүректік емес, бұл аман қалудың жолы. Бұл туралы көптеген шетелдік дереккөздерде де айтылады - дәрігер жұмысқа қабілеттілігін сақтау үшін осы арақашықтықты реттеуге мәжбүр.
Көбіне пациенттерден емес, өз жанымыздың ауырсынуынан, мазасыздықтан және сол пациенттер туралы шексіз ойлардан алыстағымыз келеді. Бірақ бір шындық бар: бәрібір бұл қолымыздан келмейді.
"Шыда! Дәрігерсің ғой!"Өзгеге көмек қолын созатындарға кім көмектеседі?
Медицинада стандарттар, хаттамалар, дәлелді база туралы көп айтылады. Бірақ дәрігердің ішкі дүниесінде не болып жатқаны туралы тіс жармаймыз. "Маған ауыр, мен қорқамын, жаным ауырады, күшім таусылды, маған көмек керек" деп айта алатын жер жоқ.
Бұл әсіресе "әлсіздік" туралы кез келген әңгіме мынадай сөздермен тыйылатын посткеңестік мәдениетте қатты байқалады:
"мамандықты өзің таңдадың" "қайда түскеніңді білдің ғой" "ұнамаса - жұмыстан шық" "дәрігерлік - бұл асыл міндет, егер шамаң келмесе, онда дәрігерлер арасында саған орын жоқ" "біз бұдан да нашар жағдайда жұмыс істегенбіз - ештеңе етпеді" "шыда, дәрігерсің ғой"Мұндай сөздер ауырсынуды ұятқа, ал эмоцияны бұрыс нәрсеге айналдырады. Медицина - адам міндетті түрде мығым, ештеңе әсер етпейтін жан болуы тиіс мамандық секілді көрінеді.
Бірақ дәрігерлер темірден жаралмаған. Біздің ішімізде сезімдер мен эмоцияларды "өшіріп қоятын" тетік жоқ. Ақ халат киген сәтте біз адам болудан қалмаймыз.
Дәрігерге көмектесу - бұл тек қолдау сөздері мен "көбірек демалу" туралы кеңестер емес. Адам айлап өз физикалық және эмоционалдық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істейтін жүйеде қайта қалпына келу мүмкін емес.
Дәрігерге кәсіби күйзелісті батырлыққа балаған емес, адам болып қалуға болатын қалыпты орта керек. Кадрлар жеткілікті, өзіңді кінәлі сезінбей демалуға мүмкіндік бар, психологиялық көмек әлсіздік ретінде, ал эмоционалдық сарқылу жеке дәрменсіздік ретінде қабылданбайтын орта қажет.
Көптеген шетелдік клиникада эмоционалдық сарқылу баяғыдан бері "төзімсіз дәрігердің" мәселесі емес, жүйелі қауіп ретінде қарастырылады.
Медицина қызметкерлеріне арналған психологиялық қолдау бағдарламалары, анонимді кеңестер, әріптестердің қолдау топтары, пациент өлімінен немесе күрделі оталардан кейінгі ауыр жағдайларды талқылау шаралары бар. Өйткені олар мынаны түсінеді: жылдар бойы эмоционалдық арпалыс режимінде жұмыс істейтін дәрігер ерте ме, кеш пе, тек іштей ғана емес, кәсіби тұрғыдан да қауқарсыз болып қалады.
Шаршаған, эмоционалдық тұрғыдан қажыған дәрігердің зейіні нашарлайды, шешімдерді ойланбастан қабылдай бастайды, пациенттерден алшақтап, бірте-бірте жанашырлық таныту қабілетін жоғалтады. Сондықтан дәрігердің психологиялық күйіне қамқорлық жасау - медицина қауымдастығына берілген артықшылық емес. Бұл - пациенттердің қауіпсіздігі мәселесі.
Пациентке "құрыш" дәрігер емес, ойлануға, сезінуге, байқауға және ол үшін күресуге әлі де күш-қуаты бар маман керек.
Сондықтан психологиялық қолдау кәсіби гигиенаның бір бөлігіне айналуы тиіс және әрбір дәрігерге бір реттік қолғаптар, зарарсыздандырылған құралдар немесе жаңа емдеу хаттамалары сияқты қолжетімді болуы керек.
Ол дәрігерге мынадай көмек береді:
іштей күйремей, ауыр жағдайларды еңсеруге; эмоционалды түрде тұйықталып қалмауға; күш-қуатты қалпына келтіруге; қырағылықты сақтауға; жанашырлық қабілетін сақтап қалуға; "жансыз функцияға" айналмауға.Бұл әлсіздік емес, бұл - кемелдік және медицина сапасына, түптеп келгенде, өзіңе деген қамқорлық.
Сондықтан мен пациенттерге үн қатамын: дәрігер сырттай оқшау көрінуі мүмкін, бірақ бұл оның бейжайлығын білдірмейді. Иә, ондай жағдайлар да болады, оны жасырмаймын. Бірақ көбінесе бұл мүлде олай емес.
Біз сабырлы, кейде тіпті тұйық көрінуіміз мүмкін. Бірақ біліңіздер: біз бәрібір сіздермен біргеміз - уайымдаймыз, ойланамыз, мазасызданамыз және қолымыздан келгеннің бәрін, тіпті одан да артығын жасаймыз.
Егер біз медицинаға сенімді, назарды және адами жылулықты қайтарғымыз келсе, жұмысты дәрігерге талап қоюдан емес, оны шексіз ресурс емес, ең алдымен адам ретінде қарастыратын жүйе құрудан бастауымыз керек.
Себебі мықты дәрігер - сезінуіне мүмкіндік берілген адам. Ол - қолдау табатын, тынығуға және әлсіздік танытуға құқығы бар жан. Тіпті ақ халат кисе де, қарапайым адам болып қалуға құқылы тұлға.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Автор туралы:Томирис Сарина - хирург-онколог, Қазақстандағы алғашқы және жалғыз әйел абдоминалды онкохирург. Асқазан, жіңішке ішек, ішперде және бүйрек үсті безі ісіктерін хирургиялық емдеуге маманданған. Онколог-хирургтар қоғамының және Еуропалық медициналық онкология қоғамының (ESMO) мүшесі. Халықаралық рецензияланатын журналдардағы ғылыми жарияланымдардың авторы, ұлттық және халықаралық ғылыми конференциялардың қатысушысы. Қытайда, Оңтүстік Кореяда және Ұлыбританияда кәсіби білім алған.
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Неге Қазақстандағы медицинада мейірім аз және оны қалай өзгертуге болады: дәрігер пікірі
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу