Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Жоба жыл соңында басталады.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Арал мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы бұл шара Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз болды. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында қашқан теңіз қайтып, Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Енді Көкарал бөгеті биіктетіледі. Су көлемі айтарлықтай көбейсе, бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашылады. Ағынды дарияларымыздың ахуалы көршілес елдермен ортақ талқыланатын сұрақ. Президент Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет, деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті // Қызылорда:
20.01.2026
- Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері Арал-Сырдария бассейнінде бірқатар нақты шара қолға алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, ирригациялық жүйелер жаңғыртылып, су үнемдеу технологияларын енгізуге ден қойылып отыр.
Бибарыс Данабаев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы //Астана:
- Соңғы жылдары су дипломатиясы нәтижесінде Солтүстік Аралға су тұрақты түрде келіп жатыр. Шамамен 23 млрд текше метрге дейін өсті. Сонымен қатар Көкарал бөгетін қайта жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр. Бұл теңіз дейгейін көтеріп, су айдынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Арал теңізін сақтау бойынша бұл біздің мемлекет үшін маңызды экологиялық және әлеуметтік міндет деп айтсақ болады.
Біздегі трансшекаралық өзендер су қорының 44%-ын құрайды. Бұған дейін Орталық Азия елдерімен жасалған мәмілелердің арқасында Солтүстік Аралға 2023 жылдан бері 5 млрд текше метр су құйылды. 2030 жылға қарай Теңіз көлемі 27 млрд текше метрге жетуі тиіс.
Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы // Өзбекстан:
- Қызылорда облысында ағаш питомнигі жұмыс істеп тұр. Бұл өте жақсы жоба. Ғалымдардың өзара келісімі бар. Бір-бірімен тәжірибе алмасып, Аралдың мәселесін жан-жақты талқылау арқылы нақты қадамдар жасаймыз. Біздің мақсат – құрғаған өңірді көгалдандыру.
Алдағы сәуір айында Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің басшылары Арал мәселесін талқылайды. Ал былтыр Президент бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру ұсынылды.
Рухани Әбдірахман