Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ведомство мәлеметінше, 2025 жылғы 27 ақпанда жобаға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме ғылыми-техникалық кеңесте қаралған. Кеңес құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлік және ғылыми қауымдастық мүшелері кірген.
Фото: Олеся Жуковень / Kazinform- Талқылау қорытындысы бойынша, Қазақстандағы су ресурстарын тиімді басқару үшін бассейндер арасындағы суды қайта бөлу жобасының оңтайлы нұсқасын айқындау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, жобаны бірнеше балама бағытта әзірлеу, оның қоршаған ортаға ықтимал әсерін жан-жақты бағалау және теріс салдарды азайту тетіктерін қарастыру ұсынылды, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Жиын қорытындысы бойынша жоба уақытша тоқтатылды. Қосымша сараптама мен кешенді талдау жұмыстары басталды. Министрлік мәлеметінше, жобаны іске асыру мәселесі аталған зерттеулердің нәтижесіне қарай шешілетін болады.
Еске сала кетейік, «Есіл өзенінің орта ағысындағы тасқынды басқару және ағынның бір бөлігін Торғайға және Арал теңізіне бұру» жобасы алғаш рет өткен ғасырдың 1970 жылдары ұсынылған. Сол кезеңде Обь, Ертіс, Тобыл және Есіл өзендерінің суын Арал теңізіне жеткізетін ірі арна салу жоспарланған. Жоба Қазақстанмен қатар Ресейдің бірқатар өңірін сумен қамтуды көздеген. Алайда экологиялық тәуекелдердің жоғары болуына байланысты бұл бастама тоқтатылды. Кейін мәселе ара-тұра көтерілгенімен, табиғи қауіптердің басымдығы жобаны жүзеге асыруды кейінге шегеріп келді.
Араға жылдар салып, 2024 жылы аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қайта басталды. Жобаның негізгі мақсаты – көктемгі тасқын кезеңінде миллиардтаған текше метр артық суды Арал теңізіне дейін жеткізу. Осы арқылы Аралдың экожүйесін қалпына келтіруге серпін беру көзделген.
Техникалық-экономикалық негіздеме «Каспий-Арал аймағының экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару халықаралық қоры» қоғамдық қоры мен «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арасындағы келісімшарт негізінде әзірленді.
Жоспарға сәйкес, Ерейментау маңындағы Нияз тауынан бастау алатын Есіл өзені Державинскге дейін ағып барып, одан әрі солтүстікке бұрылады. Оңтүстік бағытта ағынның жүруіне жер бедеріндегі биік қырат кедергі келтіреді. Осыған байланысты мамандар зерттеу барысында аталған табиғи бөгетті бұзып, ұзындығы 41 шақырым болатын «Есіл–Торғай» каналын салуды ұсынған. Бұл жағдайда су Торғай өзенінің арнасына қосылып, оңтүстікке қарай ағуы тиіс.
Дегенмен Торғай өзені Аралға жетпей Шалқартеңізге құяды. Осы мәселені шешу үшін мамандар қосымша «Қарақол–Сарыөзен» (ұзындығы 52 км) және «Шалқартеңіз–Арал» (ұзындығы 183 км) каналдарын салу арқылы суды Аралға жеткізуді қарастырған. Жалпы алғанда, жоба аясында ұзындығы шамамен 270 шақырымды құрайтын үш учаске салу жоспарланған.
Алдын ала есептеулер бойынша, 2024 жылы жоба-сметалық құжаттаманы дайындау құны 300–500 млн теңге аралығында бағаланған. Кейін, 2025 жылы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жобаны іске асыруға қажетті құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 324,4 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеді.
2025 жылы Kazinform агенттігі аталған жобаға қатысты Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Сол кезде министрлік жоба ғылыми тұрғыда зерттеліп жатқанын хабарлаған. Алайда бір жылдан кейін қайта жолданған сауалда жобаның уақытша тоқтатылғаны белгілі болды.
Айта кетейік, Су ресурстары министрлігі үш облыстағы су қоймаларында шағын СЭС салмақ.