Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында болған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға беріледі.
"Тәртіп бұзылды және ол үшін жауапкершілік болуға тиіс. Сонымен қатар үздіксіз және заң талаптарына сәйкес атқарылуға тиіс жұмыс бар. Бұл жөнінде бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жүргізіледі. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі", – деді өңір басшысы аппараттық кеңес барысында.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшілер заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.
"Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуге тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет", – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасарымен төбелесіп қалған болатын.