Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
- Биыл наурыз айында 2026 жылы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте біз экономиканың өсу резервтерін ынталандыруға бағытталған тиісті шараларды мақұлдадық. Алайда кейбір мәселелер созылып кетті. Бұл «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруға және тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы жөніндегі шараларға қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік кепілдік есебінен қаржыландыру жоспарланған автожол жобалары бойынша құжаттаманы сүйемелдеу процесі баяу жүріп жатыр. Экономиканың басым салаларында қосылған құнды арттыратын инвестициялық жобаларды анықтау жұмысының да тиімділігі төмен, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр осы мәселелердің бәрін жедел шешу керектігін баса айтты.
- Әрбір басшыға салалар бойынша өсудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тікелей жауапкершілік жүктелген. Осыны тағы да естеріңізге саламын. Конституцияның қабылдануымен еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұл орайда, мемлекеттік аппаратқа, бірінші кезекте басшыларға жаңа талаптар қойылады. Әрбір басшы өзінің жұмыс тәсіліне де, өзіне де түбегейлі жаңаша көзқараспен қарауға тиіс. Ол Мемлекет басшысы айқындаған жаңа талаптарға, жаңғырудың жаңа жалпыұлттық күн тәртібіне сәйкес келе ме? Әрбір басшыдан нақты нәтиже болуға тиіс. Бұны естен шығармаңыздар, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Олжас Бектенов бірқатар нарықта монополияға қарсы бақылауды күшейтуді тапсырған еді.