Әрбір сұраққа күрсінесіз : Қошанов министрдің міндетін атқарушыға қатаң ескерту жасады

14.01.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төменгі палатаның отырысына дайындалмай келген министрдің міндетін атқарушыға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінгі отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау мәселесі қаралды. Ал депутаттардың сұрағына сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков жауап берді.

Министрдің өзі іс сапармен кетіп қалған. Бірақ Әбілдабеков барлық сауалға жауап бере алмады, артынан жазбаша жауап жолдаймыз деп құтылды. Ал тағы бір сұраққа "мүмкіндік болса, жазбаша жауап берейік" дегенде мәжіліс спикері шыдай алмай, оған қатаң ескерту жасады.

"Айдар Ахметбекұлы, қазір министр шетелде іс сапарда, сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Бұл жерде депутаттар заң жобасы аясында ғана сұрақ қойып жатыр. Бұл сіздердің күделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Министрдің өкілі барлық сауалға жауап беруге дайын болуы қажет. Әйтпесе, бұл жерге келудің қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі керек еді. Дайындалып келу қажет", - деп ескертті Қошанов.

Мәжіліс спикері министрдің атынан келген Әбілдабековтың кейбір сұрақтардан кейін күрсініп қалғанын да еске алды.

"Сіздің күрсінісіңізді жауап деп қабылдай алмаймыз. Әрбір сұраққа күрсінесіз", - деді мәжіліс спикері.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью