Ардақты есімге лайық ұлан

30.05.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Зияткерлік қабілетімен төңі­ре­гін таңғалдырған сегіз жас­тағы өреннің бойындағы ерекше дарын ел назарын аудармай қой­майды. Оның тек есім-сойы ғана емес, математикаға, ғылымға деген құштарлығы да аттас тұлғаның болмысымен үндесіп жатқандай.

Кішкентай Әлімханның есте сақтау қабілеті тым ерте, небәрі екі жасында байқалған. Әкесі Дидар Әлімбековтің айтуынша, екі жасқа толғанда көшедегі көліктердің нөмірлерін жатқа айтып жүретін болған. Баланың бойындағы бұл ерекше зейінді, цифрларға деген тылсым тартылысты дер кезінде байқаған ата-анасы оның қабілетін дамытуға бірден ден қойып, жеңіл математикалық есептер мен логи­ка­лық тапсырмаларды үйрете бастайды. Нәтижесінде, Әлімхан мектеп табал­дырығын аттамай тұрып-ақ, үш таңбалы сандарды қосып, азайтуды өздігінен меңгеріп алған. Бүгінде екі таң­балы сандарды ойша көбейтіп, бөлу калькулятор балаға ешқандай қиындық тудырмайды.

Сынып жетекшісі Риза Әбдуғали оның 1-сыныпқа келгендегі білімін ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың балалық ша­ғына, алғырлығына ұқсатады. Себебі Әлімхан әліппені де, күрделі мате­матикалық амалдарды да үйде әп­кесі сабақ оқып жатқанда, тек құлақ тү­ріп, тыңдау арқылы-ақ санасына тоқып алады.

«Баланың қабылдау деңгейі мен есте сақтау зердесінің кеңдігі сон­­ша­лық, ол көрген-білгенін санасында бейне бір компьютер секілді сақтап, еш мүдір­местен сартылдатып айтып береді», дейді ұстазы.

Әлімхан тек сандар әлемімен шектелмейді, оның таным көкжиегі өте кең. Мектеп бағдарламасында география пәні әлі басталмаса да, оның қызығушылығы тіптен ерекше, таңғаларлық деуге болады. Туған күніне немесе мерекелерге ойыншық емес, әлем картасы мен глобусты ғана сұрайды. Бүгінде бала Әлімхан әлемдегі барлық мойындалған мемле­кет­тердің туын жатқа біледі, елуден астам елдің астанасын мүдір­мей айтады, мемлекеттерді жер көле­мі бойынша үлкенінен кішісіне қа­рай реттілікпен тізіп шыға алады. Қазірде жер шарындағы халық санын, демографиялық көрсеткіштерді жаттау­мен айналысып, елдердің өзіндік даму рейтингін құрастыру үстінде.

Әкесі Дидар баласының ин­тер­нет­тен тексерген әрбір геогра­фиялық немесе статисти­калық фактісі әрдайым дәл, дұрыс шы­ға­тынын, кейде оның айтқан­да­рынан үлкендердің өздері жаңа нәрсе үйреніп, таңғалатынын мақтанышпен жеткізді. Мектептегі үзіліс кезінде де Әлімхан қарап отырмайды, карталар толтырылған арнайы қорапшасын шығарып, сыныптастарымен зияткерлік ойын­дар ұйымдастырады, оларды жаңа­лық тануға, ғылымды сүюге баулиды.

Бұл ғажайып дарынның қанмен берілген қасиет екені де анық. Әлім­ханның атасы Ермек Әлімбеков өзінің анасы да кезінде белгілі математик болғанын, баланың әкесі Дидар да мектепте жүргенде жо­ға­ры сы­ныптың күрделі есептерін оңай шешетін зейінділігімен дараланғанын ай­тады. Ұлы Алаш қайраткерінің есі­мін немересіне ырымдап қойған екен.

Бүгінде кішкентай Әлімхан тоғыз­­құмалақ, дойбы, шахмат сияқ­ты зияткерлік ойындардың да хас шебе­ріне айналып үлгерді. Қазірдің өзінде шахматтан 4-разряд иегері, облыстық шахмат федерациясы кубогінің жеңімпазы, Зияткерлік модернизация аясындағы мектептердің 1–2 сынып оқушылары арасындағы жарыс­тың бас жүлдегері атанып үлгерді.

Қарағанды облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью