Архившілер конгресі басталды

10.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Digital Archive. Парадигманың өз­геруі» тақырыбында өткен пленарлық сессия жұмысын Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина жүргізді. Ол конгресс жұмысының басталуы Халықаралық архивтер күнімен тұспа-тұс келгенін айта келіп, архив саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ конгресс аясында үш күн бойы архив сала­сының болашағы, цифрлық техноло­гия­­лар және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланып, Жас архившілер мектебі, ЮНЕСКО семинары, MURAtalks сарапшылар клубының екінші отырысы және кәсіби воркшоптар өтетінін жеткізді.

«Конгресс қатысушылары назарына Президент архивінің мамандары әзірлеген өнімдер мен AI-шешімдерді ұсынып отырмыз. Олардың қатарында архив қоймаларын басқаруға арналған «GeoTopography» зияткерлік цифрлық жүйесі, «AI Archival Recognition System» тану қосымшасы, келушілермен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «тірі» диалог жүргізуге мүмкіндік беретін «AI Mura – Virtual Guide» цифрлық ЖИ-шешімі, сондай-ақ құжаттардың тарихи құндылығына сараптама жүргізу мен сараптамалық қорытындылар дайындау үдерісін едәуір жеделдетуге көмектесетін, күнделікті қайталанатын жұмыстарды қысқартып, оңтайландыратын «QuralAI Assistant» архивистің ЖИ-көмекшісі бар», деді Әлия Мұстафина.

Конгресс алаңында архив ісі, цифрлық технологиялар және құжаттық мұраны сақтау саласындағы жетекші сарапшылар халықаралық тәжірибесін бөлісті. БҰҰ Кітапханасы мен архивтерінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле Қазақстанның білім мен тарихи мұраны сақтау, басқару және қолжетімді етудегі көшбасшылығын, сондай-ақ өңірлік және жаһандық деңгейлерде диалог пен ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін ерекше атап өтті. Архив саласы түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан кешіріп отырған уақытта диалог, ынтымақтастық және инновация үшін ерекше алаң қалыптастырғаны үшін алғысын жеткізді.

«Біз ақпаратты жасау, басқару, сақтау және оған қол жеткізу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатқан технологиялық өзгеру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект архив қорларын өңдеу мен сипаттаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, оларды табуды жеңілдетуге және құжаттарды басқаруды анағұрлым тиімді етуге ықпал етеді. Цифрландыру технологияларындағы жетістіктер нәзік әрі құнды материалдарды сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, құжаттық мұраға географиялық шекаралардан тыс кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз етуде. Цифрлық платформалар архивтердің жаңа аудиторияларға жол ашуына және ашықтықты, есептілікті, инклюзивтілікті, білім беру мен зерттеуді бұрын-соңды болмаған деңгейде қолдауына мүмкіндік береді», деді ол.

Сонымен қатар кеше «Архивтер және AI: құралдары, этикасы мен болашақ стратегиялары», «Digital Archive: заманауи дискурстар» тақырыптарындағы панельдік сессиялар өтті. Сессияда ЮНЕСКО-ның Құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда, Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс, Ұлыбритания Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Джон Шеридан, т.б. халықаралық сарапшылар цифрлық архивтерді дамыту, құжаттық мұраны сақтауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, архив экожүйелерін дамыту, цифрлық деректердің сақталуын қамтамасыз ету және жаңа буын мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.

Конгресс аясында сондай-ақ халық­аралық DA-EXPO көрмесі ұйым­дастырылып, Президент архивінің жасанды интеллект технологияларын архив қызметіне енгізуге бағытталған «AI Geotopography»,  «AI Archival Recognition System», «AI Mura – Virtual Guide», «QuralAI Assistant» секілді жобалары таныстырылды. Архив саласының нақты қажеттіліктері негізінде жасалған бұл жобалар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Аталған жобалар архившілердің жұмыс тиімділігін арттыруға және күнделікті қайталанатын операцияларды орындауға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью