Арқалықта әуелеген күй

09.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Мереке аясында «Тобыл – Торғай» күйшілерінің күй тартысы, «Қорқыт» этнофольклорлық ансамблінің, «Ақжелең» ұлт аспаптар ансамблінің концерттері, белгілі күйші Анар Мұздаханованың шығар­машылық кеші, түрлі мәдени кездесу мен концерттік бағдарламалар ұйымдас­тырылды.

Мерекенің шарықтау шегі – 1000 домбырашы мен 26 қобызшының бір мезетте өнер көрсетуі болды. Қазақтың халық күйлері орындалған ерекше композиция ұлттық рухты асқақтатып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Салтанатты іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық домбыра күнімен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз» деп атап өтті. Ата-бабамыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отан­шылдықтың көрінісі. Президенттің Торғай өңірінің дамуына қатысты берген тапсырмасына сәйкес бүгінде Қостанай облысының әкімі Құмар  Ақсақаловтың бастамасымен Арқалық қаласының әлеу­меттік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол домбыраның ұлттың рухани болмысын айқындайтын қасиетті мұра екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін жеткізді.

Мерекеге алыс-жақыннан келген қонақтар да белсенді қатысты. Олардың қатарында шетелдік туристер де болып, қазақтың күй өнері мен домбыраның қоңыр үніне жоғары бағасын берді.

Іс-шара барысында ұлттық өнерді дамытуға және домбыра мәдениетін насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, қала әкімінің алғысхаттары мен сый-сияпаттары табысталды.

Мерекелік шаралар мұнымен толастаған жоқ. Қала жұрты орталық «Наурыз» алаңында «Күй құдіреті – домбыра мен қобыз» атты мерекелік іс-шараны тамаша­лады. Шаһар домбырашылары мен халықтық ұлт-аспаптар оркестрі сахнаға жайғасып, түрлі күй ойнады.  

Ұлттық домбыра күніне арналған мере­келік бағдарлама еліміздің өнер майтал­мандары қатысқан «Жаса, жайна Арқалы­ғым!» атты гала концертпен қоры-

тын­дыланды. Арқалықтағы кең көлемді мере­ке халқымыздың төл өнерін ұлықтап, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін және ұрпақтар сабақтастығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

М.Жалғасұлы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью