Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
«Тәтті ертегі» жобасы 2024 жылы Астана қаласында бастау алған әлеуметтік-ағартушылық бастама. Жоба Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалының қоғамдық серіктестігімен, Халықаралық «Түркі тілдес» мұғалімдер ассоциациясының институционалдық және әдістемелік қолдауымен, сондай-ақ бас демеуші – «Тәп-тәтті» кондитерлік желісінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.
Іс-шараның негізгі мазмұнын балаларға арналған шығармашылық жұмыс пен психологиялық қолдау үйлестірді. Арт-пленэр барысында қатысушылар жоба аясында жарық көрген алғашқы авторлық туынды – «Шахматшы Қонжық» боямақ-ертегісімен жұмыс істеді. Шығарманың оқиғасы Жамбыл облысы, Жуалы ауданының табиғатымен сабақтасса, өлең мәтінінің авторы – ақын, журналист Байтанағали Төлентаев.
Жобаның жетекшісі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған білім беру жобаларының продюсері, лингвопедагог және журналист Лариса Алдаберген биыл аталған туындыны Германия, Швейцария, Италия және Франция елдерінде таныстырып, Еуропадағы қазақ диаспорасының балаларына ұсынған болатын. Тараздағы арт-пленэр осы жобаның өңірлердегі жалғасы ретінде ұйымдастырылды.
«Тәртіпбек тәртіпке шақырады»: Павлодарда отбасылық іс-шара ұйымдастырылды
Іс-шараның маңызды бөлігі арт-терапиялық жұмысқа арналды. Практикалық бөлімді Меруерт Ермекбаева – Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскері, педагог-зерттеуші, республикалық деңгейдегі психолог-тренер және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты жүргізді.
Маман балалармен арт-терапия әдістері арқылы эмоцияларды тану, қауіпсіз жеткізу және шығармашылық арқылы өзін-өзі таныту бағытында жұмыс ұйымдастырды. Сонымен қатар ата-аналарға баланың эмоционалдық жай-күйін түсіну, шығармашылық әрекет арқылы сенімді қарым-қатынас орнату және отбасылық қолдаудың маңыздылығы жөнінде кәсіби кеңестер берілді. Практикалық бөлімге қатысқан ата-аналар тарапынан психологтың әдістемесіне жоғары қызығушылық танытылып, жеке консультацияларға сұраныс білдірілді.
Талдықорғандық оқушылар қазақ ертегілеріне арналған ЖИ платформа жасап шығарды
Іс-шара барысында балалардың белсенділігі мен өз ойын еркін жеткізу дағдылары ерекше байқалды. Жоба авторларының бірі, Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназиясының 8 жастағы оқушысы Айтөре Меллатұлы психологпен жеке сөйлесуге өз еркімен ниет білдірсе, Тараз қаласының жасөспірімдері жобаның волонтерлік қызметіне қосылуға қызығушылық танытты. Бұл балалардың психологиялық мәдениетке деген ашық көзқарасын және әлеуметтік бастамаларға қатысуға дайын екенін көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушыларға «Шахматшы Қонжық» авторлық кітапшасы, ұлттық тағамдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Тәтті ертегі» халықаралық әлеуметтік жобасы алдағы уақытта да балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, психологиялық әл-ауқатын қолдауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шараларды еліміздің әр өңірінде жалғастыруды жоспарлап отыр.