Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Отандық өндірушілерді қолдау
Биыл өңдеуші сектор индустрияландырудың басты қозғаушы күшіне айналды. Агроөнеркәсіптік кешенде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған инвестициялық және технологиялық жаңғырту жүргізілуде. Ішкі нарықты қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі – ұзақ мерзімді кепілдендірілген сұраныс тетігін енгізу. Биылғы алты айдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектордың ірі компаниялары отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасты.
Заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – енді барлық ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл жергілікті кәсіпорындар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Бұрын шетелден жеткізілген бөлшектердің орнына, енді ірі шикізат компаниялары елімізде жаңа зауыттардың ашылып, дамуына ықпал етіп, оларды ұзақ жылдарға тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, әрбір ірі кәсіпорын немесе ведомство айналасында жергілікті тұрақты өндірістердің берік өнеркәсіптік экожүйесін қалыптастырады.
Сонымен қатар адал бизнести қорғау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл платформа жалған өндірушілерді автоматты түрде анықтап, нақты өндірістік қуаттарды тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеде 6,6 мыңнан астам компания тіркелген. Оның ішінде 4 467 кәсіпорын елімізде өндірілген өнім шығарса, 2 146 кәсіпорын қайта өңделген өнімін нарыққа ұсынады.
Нақты секторды несиелендірудегі бизнестің рөлін күшейту мақсатында Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтты. Соның нәтижесінде, холдингтің кәсіпкерлікті қолдауға арналған жалпы қаржылық мүмкіндігі 8 трлн теңгеге дейін артты. Бүгінде оның 4 трлн теңгеден астамы игеріліп, 8 мыңнан астам бизнес субъектісі қолдау алды. Оның 96%-ын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Орта мерзімді кезеңде холдинг институттары арқылы қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп өсімі: 17 мегажоба
Шикізатты терең өңдеуді жүйелі түрде ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде биылғы 6 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,8%-ға жетті. Инвестиция тартуға қажетті инфраструктураны бүгінде 18 арнайы экономикалық аймақ, сондай-ақ 67 индустриялық аймақ пен 34 шағын өнеркәсіптік аймақ қамтамасыз етіп отыр.
Арнайы экономикалық аймақтардың географиясы да кеңейіп келеді. Бұған дейін Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарында іске қосылса, биыл Жамбыл облысында «ИТЛК Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бүгінгі таңда бұл аймақтарда 558 жоба жүзеге асырылды, оның 85-і шетелдік тараптың қатысуымен ашылды. Бұл ретте тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 трлн теңгеден асты. Инвестициялық штаб жұмысы аясында осы жылы 3 трлн теңгеден астам сомаға инвестициялар туралы 18 келісімге қол қойылды.
Үкімет Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 17 серпінді жобаның пулына ерекше назар аударады. Олар жоғары қайта бөлуді барынша игеруге, отандық шикізатты пайдаланып, іргелес кластерлерді дамытуға бағытталған.
Осы бағдарлама аясында:
Қостанай облысында «Kia Qazaqstan», Алматыда «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС зауыттары іске қосылды.
Павлодар облысында «Mineral Product International» ЖШС металлургиялық кластерін құру, «Qarmet» комбинатын жаңғырту қарқынды жүргізілуде.
Абай облысында мыс балқыту зауытын, сондай-ақ Атырау облысында «Силлено» ЖШС мен «Бутадиен» ЖШС ірі газ-химия кешендерін салу жұмыстары жүріп жатыр.
2026 жылы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын аша отырып, 200 индустриялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 267 млрд теңге сомасына 77 жоба іске қосылып, 4,5 мың жұмыс орны ашылды. Жобалық қуатына шыққаннан кейін бұл өндірістер жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгеге өнім шығаруды қамтамасыз етеді, оның ішінде 500 млрд теңгеге өнім экспортқа бағытталады.
Жаңа зауыттардың өңірлерді дамытуға бағытталғаны маңызды. Биыл елімізде бұрын өндірілмеген бірегей ірі габаритті машина жасау тораптары мен арнайы техникадан бастап, сутегі мен күрделі минералды тұздарға дейін мүлдем жаңа тауарлардың 15-тен астам түрін шығару басталады. Мұнай-газ-химия саласында өндіріс өткен жылы екі еселенген өсімді көрсетіп, 619 мың тоннаға жетті, ал осы жылдың 5 айында өндіріс көлемі 225,3 мың тонна болды.
Ауылға инвестиция көбірек тартылады
Өнеркәсіп секторының оң динамикасы агроөнеркәсіп кешенде де жақсарып келеді. 2026 жылдың алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,4%-ға ұлғайып, 2,2 трлн теңгеге жетті. Нәтижесінде, 2026 жылдың бес айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 36,4%-ға, ал азық-түлік өндірісі 2,7 есе өсіп, 207,3 млрд теңгеге жетті. Ауылда кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі драйверлерінің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Осы жылы оның шеңберінде 29,4 млрд теңге сомасына 2 738 жоба қаржыландырылды. Жалпы, 2026 жылы жобаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл қаражат 5,4 мың жоба үшін бюджеттік микрокредиттер мен лизинг беруге жұмсалады, бұл ауыл тұрғындары мен шағын қалалар тұрғындарының бизнесін ашу және дамыту үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтуге жағдай жасайды.
Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін кеңейтілді, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Шаруалар жоғары рентабельді майлы дақылдарға басымдық беріп, егіс көлемін 4,3 млн гектарға жеткізді. Сонымен қатар 3,3 млн га жемшөп дақылдарына, ал дәнді және бұршақты дақылдарға шамамен 15,8 млн га бөлінді.
Мал шаруашылығы саласында мал басының тұрақты өсімі байқалады:
Ірі қара мал саны 5,8%-ға артып, 9,3 млн басқа жетті.
Жылқы саны 7,4%-ға өсіп, 5 млн басты құрады.
Түйе саны 3,6%-ға көбейіп, 312 мың басқа жетті.
Соның нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артты: сойыс салмағындағы ет өндірісі 5,5%-ға өсіп, 559 мың тонна болса, сиыр сүтінің өндірісі 2,4%-ға артып, 1,9 млн тоннаға жетті, ал жұмыртқа өндірісі 7,9%-ға ұлғайып, 2,4 млрд дана болды.
Осы жұмысты жүйелеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Оның аясында жалпы саны 13 ірі халықаралық инвестициялық келісімге қол қойылды.
Негізгі жобалар қатарында:
«Shengtai Biotech» ЖШС (Fufeng Group, ҚХР) – жүгеріні терең өңдеу зауыты ($1,5 млрд);
«Азия Алтын дән» ЖШС (Dalian Hesheng Holdings Group, ҚХР) – Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауыты ($650 млн);
«Alsera KZ» ЖШС (Alarko Holding, Түркия) – ірі жылыжай кешені ($650 млн);
«QazaqArab Sugar» ЖШС (Al Khaleej, БАӘ) – Алматы облысында қант зауыты ($580 млн);
«Kazak Protein» ЖШС (Tiryaki Holding, Түркия) – Астанада астықты терең өңдеу кешені ($320 млн);
«Carlsberg Central Asia» ЖШС (Дания) – алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт (216,3 млрд теңге);
Әлемдік брендтердің жобалары – Алматы облысында «Mars Petcare» (88,8 млрд теңге) және «Кока-Кола Алматы Боттлерс» (41,8 млрд теңге) компанияларының жаңа өндіріс орындары бар.
Агротехниканы жаңғырту бағытында елеулі технологиялық серпіліс жасалды. Биыл жылдық 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті.
Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде шаруаларға сатылған ауыл шаруашылығы техникасының көлемі 35%-ға артты. Былтыр 25 мың бірлік техника сатып алынса, оның 10,4 мың бірлігі дәл осы жеңілдетілген лизинг тетігі арқылы берілді. Сонымен қатар сатып алу құрылымындағы елімізде құрастырылған техниканың үлесі 95%-ға дейін өсті. Бүгінде тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз ететін 10 ірі зауыт жұмыс істейді (оның ішінде Қостанайда «John Deere» және Петропавлда «Claas» өндірістері бар).
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігі
Инвестициялық және технологиялық шаралардың барлығы дүкен сөрелеріне тікелей әсер етеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде азық-түлік өнімдерін өндірудің нақты көлем индексі 114,7%-ға, ал сусындар өндірісі 104,4%-ға жетті. Негізгі азық-түлік санаттарының бірқатарында (ет, шұжық өнімдері, өсімдік майы мен сары май, ірімшік пен сүзбе, қышқыл сүт өнімдері, жармалар, макарон өнімдері, күріш, кондитерлік өнімдер және өңделген көкөністер) өсім байқалды.
Бүгінде елдің ішкі нарығы негізгі азық-түлік тауарларымен 80–100% деңгейінде отандық өніммен қамтамасыз етілген.
Импортты толық алмастыруда жүйелі жұмыс импортқа тәуелді болып отырған 6 негізгі бағытта жалғасуда:
Құс еті
Балық
Шұжық өнімдері
Ірімшік
Қант
Алма
Бағаны тікелей тежеу мен алыпсатарлық үстемеақыларға жол бермеу мақсатында Үкімет ірі сауда желілерімен тұрақты жұмыс кездесулерін өткізуде, сондай-ақ өңірлерде тұрақты түрде фермерлік жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Бұл жәрмеңкелерде өнімдер өндірушілерден тікелей нарықтағы бағадан 15–20%-ға арзан бағамен сатылады.