Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Министрлік мәлім еткендей, кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші субсидия алуға өтінім бере алады.
— Өтінім субсидиялау ережелеріне сәйкес болуы тиіс. Мысалы, инвестициялық субсидия алу үшін фермер өз шаруашылығын дамытуға инвестиция салуы қажет, яғни, сүт-тауарлы ферма салған ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жобаның белгіленген құн шегінен аспай, жұмсаған қаражатының 25%-ын қайтара алады, — делінген хабарламада.
Субсидиялау саясатын Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлейді, ал субсидияларды беру жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне жатады.
— Өтінімдер әкімдіктердің ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы цифрлық жүйеде қабылданып, өңделеді. Барлық үдеріс автоматтандырылған және ашық жүргізіледі. Облыстық бюджетті мәслихаттар бекітеді, ал субсидиялар дәл осы қаражат есебінен төленеді. 2023 жылдан бастап субсидиялауға арналған қаражат жалпы сипаттағы трансферттерге енгізілген, яғни, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге беріледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері қаражат түсу тәртібі бойынша кезекпен қабылданады, — делінген хабарламада.
Ведомство түсініктемесінде субсидиялар бойынша берешектің қалыптасуы қажеттіліктің қолда бар қаражат көлемінен асып кетуіне байланысты болып отырғаны айтылған.
— Жыл сайын өткен кезеңдердің берешектері ағымдағы жылдың бюджеті есебінен өтеліп, қосымша қаражат бөлінеді. Жыл басынан бері өңірлер барлық бағыт бойынша берешектерді өтеуді жүзеге асырып жатыр. Мәселені жүйелі шешу үшін көктемгі дала және егін жинау жұмыстары мен айналым қаражатына берілетін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тоқтатылып, оның орнына тікелей субсидиялау енгізілді. Яғни, фермерлер жеңілдетілген мөлшерлемемен кредит алады. Осының нәтижесінде бұл бағыттағы субсидия бойынша берешекке жол берілмейді, — деп түйіндеді АШМ.
Сондай-ақ субсидиялаудың басқа түрлері бойынша да жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Бұған дейін ШҚО-да субсидия алған шаруа қожалықтар мал басын сақтау талаптарын орындамағанын жазған едік.