Ашық есік күні: еліміздегі әскери бөлімдерге 4000 нан астам адам келді

02.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұйымдастырылды. Ата-аналар ұлдарының қызмет барысында нені меңгергенін көрді. Сап және оқу-жаттығу алаңдарында сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.

Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру және әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстарына жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуымен, қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді.

Елордадағы бригадаға Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай және Астана қалаларынан барлығы 170-тен астам ата-ана жиналды. Олар тирді, спорт залын, кітапхананы аралап, жауынгерлер жаттығатын тактикалық алаңда болды.

Қатардағы жауынгер Диас Базкеновтің әкесі Асхат пен оның туған ағасы Сәбит Базкенов Қарағанды қаласынан арнайы келген. Жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атанған Диас Базкеновтің суреті бөлімшенің құрмет тақтасына ілінген.

Сәбит Базкеновтің өзі кезінде Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген. Ол қазіргі әскердің жағдайын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.

— Мен өзім Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқардым. Ол кездің қиындығы аз болған жоқ. Бүгінгі жастардың әскери борышын абыроймен өтеп жүргенін көріп, көңілім марқайды. Диас сияқты тәртіпті, намысты ұлдар елдің қорғаны болары сөзсіз. Жастарға айтарым — Отан алдындағы борышты адал атқарып, әскери тәртіпке әрдайым берік болсын, — деді ол.

Ал Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері 400-ден астам қонақты қабылдады. Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионында ата-аналар теңіз қызметінің атмосферасына қанықты. Олар матростардың тұрмысымен танысып, кают-компаниялар мен камбузды аралады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері де 400-ден астам қонақты қарсы алды. 37-десанттық-шабуылдау бригадасында қонақтарға парашютті қалай кию керектігі көрсетіліп, арнайы кешенде әуе-десанттық дайындық элементтері таныстырылды.

Іс-шараға қатыса алмаған ата-аналар мен жақындары үшін әскери бөлімдердің басшылығы «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисы арқылы байланыс ұйымдастырды. 

Бірыңғай Ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет атқарып, жан-жақты қолдауға ие болып отырғанына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл шара армия туралы қалыптасқан стереотиптерді еңсеруге, сондай-ақ сарбаздарға деген қамқорлықтың Қарулы күштер үшін сөзсіз басымдық екенін нығайта түсуге бағытталған маңызды қадам болды.

Бұған дейін қазақстандық студенттер әскери кафедраға түсу үшін өтінішті онлайн тапсыра алатыны туралы жаздық. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью