Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ұжымның Атырау мен Ақтаудағы қойылымдары осы жаздың маңызды мәдени оқиғасына айналып, мыңдаған көрерменге ұлттық хореография және музыка өнерінің үздік үлгілерімен таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Гастрольдік тур Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Оның басты мақсаты – еліміздің мәдени кеңістігін кеңейту, өңірлер арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайту және отандық өнердің үздік жетістіктерін дәріптеу.
Алғашқы гастрольдік кештер 5 және 6 шілдеде Атырауда Махамбет Өтемісов атындағы драма театрының сахнасында өтті. Көрермен назарына «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған ұлттық дивертисмент ұсынылды. Осы жылдар ішінде концерттік бағдарлама «Астана Балет» театрының ең танымал қойылымдарының біріне айналып, Қазақстанды беделді халықаралық фестивальдар мен сахна кеңістіктерінде табысты таныстырды.
Екі кеш бойы көрермен қауым әртістерді қошеметпен қарсы алып, қойылымдарды жылы қабылдады. Қазақ халық биінің дәстүрі, этнография элементтері мен заманауи сахналық пластика бірімен-бірі тығыз байланысты жарқын хореографиялық композициялар көрерменге ерекше әсер қалдырды. Ұлттық киімдер, мәнерлі музыка мен әртістердің орындаушылық шеберлігі көрерменге Ұлы Даланың рухани мұрасының байлығын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Гастрольдік бағдарламада 8 шілдеде Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының және қала әкімдігінің қолдауымен Жаңаөзен қаласында өткен концерт ерекше орын алды. «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі опера өнерінің жетекші солистерімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қала тұрғындарының алдында өнер көрсетті.
Гастрольдік турдың соңғы кезеңінде 10 және 11 шілдеде Ақтауда Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің сахнасында өткен «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің концерті еді. Бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен оркестр қазақстандық және еуропалық композиторлардың шығармаларын біріктіретін ауқымды бағдарлама ұсынды.
Қазақстанның жетекші опера солистері – халықаралық байқаулардың лауреаттары Әділ Сұлтан, Фируза Рахметова және Талғат Аллабириновтар осы кештердің әрін кіргізді. Олардың орындауында әлемдік музыка мәдениетінің алтын қорына енген әйгілі ариялар мен вокалдық шығармалар орындалды. Әртістер мен музыканттардың орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейі көрерменнің шынайы қуанышын тудырып, көптеген нөмірлер ду қол шапалақпен сүйемелденді.
Симфониялық оркестрдің бас дирижері Арман Оразғалиев гастрольдік концерттердің ерекше атмосферасын атап өтті:
«Әр музыкант үшін көрермен толы залда өнер көрсету және көрерменнің боямасыз реакциясын сезіну үлкен бақыт. Біз көрерменнің академиялық музыкаға деген үлкен қызығушылығын көрдік және олармен тек жанды орындау кезінде пайда болатын эмоциялармен бөлісуге қуаныштымыз. Маңғыстау облысының тұрғындарына зор ілтипат танытып, әр шығармаға көңіл бөлгені және ұзақ қол шапалақтағаны үшін алғыс айтамыз. Мұндай кездесулер ұжымды жаңа шығармашылық жобаларға шабыттандырады», – деді Арман Оразғалиев.
Маусым барысында ұжым көрермен қауымға ауқымды премьералар, концерттік бағдарламалар, халықаралық жобалар мен гастрольдік турлар ұсынды, бұл әрдайым жоғары деңгейдегі орындаушылық пен өнерге деген адалдықты көрсетті.
Маусымды еліміздің батысында жарқын гастрольдермен аяқтай отырып, «Астана Балет» театры өзінің басты қағидаттарына – жоғары көркемдік деңгей, ұлттық мұраға құрмет және көрерменге әлемдік және отандық өнердің жаңа қырларын ашуға деген ұмтылысына адалдығын сақтай отырып, өнерін одан әрі шыңдау бағытында еңбек ете бермек.