Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Қазақстан астанасының дәл іргесінде Ыбырай Алтынсарин атындағы шағын ауыл бар.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Ыбырай Алтынсарин атындағы ауыл Астананың тура іргесінде орналасқан және осыдан жиырма жыл бұрын үйреншікті инфрақұрылымы жоқ өте кішкентай елді мекен болатын. Бұрын ол 96-разъезд деп аталған және станциялар арасындағы теміржол разъезі ретінде пайда болған. Бүгінгі таңда ауылда асфальтталған көшелер, тротуарлар, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі және 2025 жылдың күзінде тартылған газ бар. Елді мекен теміржол арқылы бірнеше бөлікке бөлінген, ал оның аумағына адамдар жыл бойы тұратын саяжай массиві де кіреді. Ауылда балабақша, мектеп және медициналық пункт жұмыс істейді, бұл ретте жергілікті мектеп жоспарланған сыйымдылығынан әлдеқайда көп оқушыны қабылдап отыр. Елді мекенді Астанамен қала маңына қатынайтын автобус байланыстырады, оны елордада жұмыс істейтін көптеген тұрғындар пайдаланады. Соңғы онжылдықтарда халық саны айтарлықтай өсті: егер 1999 жылы мұнда небәрі 73 адам тұрса, қазір нақты тұратындар саны бес мыңнан асады. Ауылда ойын-сауық және дамыған демалыс инфрақұрылымы дерлік жоқ, дегенмен билік саябақ салуды жоспарлап, Мәдениет үйінің құрылысын талқылап жатыр. Осыдан жиырма жыл бұрын көшіп келген жергілікті тұрғындар ауылда жарық та, су да, газ да, дұрыс жол мен көлік те болмаған кездерді еске алады. Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындарының өмірі қалай өзгерді, олардың өз ауылы туралы ойы қандай және бүгінде мұндағы үйлер мен жер телімдері қанша тұрады — репортаждың толық нұсқасынан оқыңыздар.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осыдан жиырма жыл бұрын мұнда ештеңе болмаған - газ да, көлік пен жол да, тіпті жарық та жоқ еді. Өткен жылдар ішінде елді мекен қалай өзгерді және елордадан мұнда көшіп келу қаншалықты қолайлы?
Tengrinews.kz тілшілері мұны "Астана айналасы" жобасы аясында анықтап көрді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Анықтама: "Астана айналасы" жобасының мән-жайын еске сала кетейік. Әр шығарылымда біз елордадан бір сағаттық жерде орналасқан ауылдарды аралаймыз. Онда жолдардың жағдайына, мектептердің, ауруханалар мен балабақшалардың бар-жоғына, сондай-ақ көлік қолжетімділігіне назар аударамыз. Жұмыс орындары мен бос уақытты өткізу нысандары, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымның деңгейін зерттеп, үйлер мен жер учаскелерінің құнын бақылаймыз. Бұған дейін жоба аясында біз Ақмол, Софиевка, Қызылсуат және Аршалы туралы айтқан едік.
Ыбырай Алтынсарин ауылы елорданың дәл шекарасында орналасқан. Оған Астрахан тасжолымен жетуге болады. Астанадан шыға бере ауылға тап боласыз. Ол шағын болғандықтан, репортажымыз да көп уақытты алмайды.
2018 жылға дейін ауыл "96-шы разъезд" деп аталған. Ол әу баста желілік разъезд ретінде пайда болған.
Бұл - теміржол желісіндегі, әдетте станциялар арасындағы пойыздар бір-біріне жол беретін немесе өткізіп жіберетін шағын бекет. Әдетте онда негізгі жол және бір немесе бірнеше қосалқы жол болады. Мысалы, бір пойыз қосалқы жолға тоқтап, қарсы келе жатқан пойыздың негізгі жолмен өтуін күтеді. Мұндай разъездер әсіресе бір жолды теміржолдарда өте маңызды. "Желілік" деген сөз бұл жердің ірі станция емес, тікелей теміржол бойындағы шағын нысан екенін білдіреді: онда вокзал, жүк шаруашылығы және дамыған инфрақұрылым болмауы мүмкін.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
2018 жылы ауылға Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Ал бірнеше жыл бұрын ол ауылдық округ құрамынан шығып, өз бюджеті мен даму жоспары бар дербес бөлікке айналды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ыбырай Алтынсарин ауылын шартты түрде бірнеше бөлікке бөлуге болады. Біріншісі - тасжолдан бірден көрінетін бөлігі (картадағы скриншотта ол төменгі сол жақ бұрышта).
Google Maps скриншоты
Ауылдың екінші бөлігі теміржол бойымен созылып жатыр және сонымен бөлінген. Болашақта бірінші және екінші бөліктердің арасынан жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) мен әлеуметтік тұрғын үйлер үшін учаскелер бөлінуі мүмкін - бұл туралы бізге жергілікті әкімдіктегілер айтты. Үшінші бөлігі - жоғарыдағы картада екіншісінің үстінде орналасқан - бұл саяжай массиві, бірақ адамдар мұнда жыл бойы тұрады.
Айтпақшы, бұл саяжайлар елді мекеннің шекарасына кіреді және болашақта бас жоспар бекітілгенде мәртебесі ЖТҚ-ға ауыстырылуы мүмкін. Соған қарамастан, қазірдің өзінде оларға ауыл әкімшілігі қызмет көрсетеді, газ тартылған және автобус қатынайды.
Ыбырай Алтынсарин ауылының шекарасындағы саяжайлар. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Дегенмен, басына - қонақтар ауылға кіретін жерге қайта оралайық:
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Мұндағы көшелер ұқыпты сызылған - жаңа, әлі қап-қара асфальт төселіп, тротуарлар салынған. Осының бәрі ауылға өте жинақы әрі күтілген көрініс береді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Бұдан бөлек, біз бірден газ құбырын байқадық - ол мұнда 2025 жылдың күзінде тартылған. Ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі де бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Астананың, дәлірек айтқанда, оның Сарыарқа ауданының шекарасы дәл ауылдың іргесімен өтеді. Айтуларынша, Ыбырай Алтынсариннің шетіндегі кейбір үйлер бір сәтте кеңейіп жатқан елорда аумағына еніп кеткен және іс жүзінде қалаға тиесілі. Дегенмен оларға ауыл әкімшілігі қызмет көрсетеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Шеткі аймақтарды суретке түсіріп болған соң, ауылдың екінші, орталық бөлігіне бет алдық. Мұнда 140 орындық мемлекеттік балабақшаны көрдік.
Ыбырай Алтынсарин ауылындағы балабақша. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Оның жанында бес жүзден астам бала оқитын жалпы білім беретін мектеп орналасқан. Ал негізгі сыйымдылығы 300 орынға есептелген. Болашақта мұнда тағы бір мектеп салу жоспарланып отыр.
Аулада мектеп автобустарының тұрғаны назар аудартады - Қазақстан қалаларындағы кез келген оқу орны мұндай "тасымалмен" мақтана алмайды.
Жергілікті мектеп. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Елді мекен бірнеше бөлікке бөлінгендіктен, оның үстіне теміржол желісі болғандықтан, мектеп оқушыларын арнайы автобустар тасиды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Ал басқа көліктер жағы қалай? Астана мен ауыл арасында №319 қала маңындағы автобус қатынайды - онымен елордада жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар жүреді. Олардың қарасы басым.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Дегенмен мұнда да жұмыс бар. Әкімдік мәліметінше, жергілікті тұрғындардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығымен айналысады.
"Ауылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары қызметін жүзеге асырады", - деп хабарлады мемлекеттік орган.
Сонымен қатар жұмысқа орналасудың дәстүрлі салалары - сауда, қызмет көрсету, әрине, мемлекеттік ұйымдар, соның ішінде білім беру және медицина мекемелері.
Айтпақшы, мұнда аурухана немесе амбулатория жоқ, бірақ медициналық пункт бар. Оған мыңға жуық адам тіркелген, ал медициналық көмекті бір дәрігер мен екі медбике көрсетеді.
Ыбырай Алтынсарин ауылындағы медициналық пункт. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ал жалпы Ыбырай Алтынсарин ауылында бес мыңнан астам адам тұрады. Ресми тіркелгендер саны бұдан аз - 3 785 адам.
Халық саны айтарлықтай қарқынды өсіп келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ: 2009 жылы мұнда бес жүзге жуық адам тұрса, 1999 жылы небәрі 73 адам болған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Мұнда ешқандай ойын-сауық орны жоқ. Біз тіпті дәмхана да таба алмадық. Есесіне екі дүкенді көрдік. Оның бірі ауылдың ескі атауымен аталады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Екіншісі - жаңа атаумен.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Мәдениет үйінің құрылысы туралы әзірге тек әңгіме айтылып жүр. Дегенмен, жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта саябаққа арналған жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Мұның бәрі Ыбырай Алтынсарин ауылында мүлдем істейтін іс жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, балалар үшін мұнда ойын алаңдары мен футбол алаңдары бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Ауыл туралы бізде осындай әсер қалды. Ал жергілікті тұрғындардың өздері не ойлайды?
Біз бірнеше ауыл тұрғынымен танысып, олардан тыныс-тіршілігі туралы сұрадық. Олардың бәрі осында шамамен 20 жыл бұрын көшіп келген және бұрынғы жағдайдың қандай болғаны жадында.
"Біз Астанада тұрдық, балаларымыз кішкентай болғандықтан, жер телімін сатып алып, үй салуды жөн көрдік, - дейді жергілікті тұрғын Фируза Иркитова. - 2007 жылы осында көшіп келдік. Астананың айналасындағы бірнеше ауылды араладық, бірақ таңдауымыз осы 96-разъезге түсті. Ол кезде мұнда ештеңе жоқ еді: жарық та, газ да, су да, жол да болмады. Осының бәрін бастан өткердік. Автобус та жүрмейтін - тасжолға дейін жаяу барып, сол жерден автобусқа мінетінбіз".
Фируза Иркитова, Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Тағы бір жаңа танысымыз, жергілікті тұрғын Бақыт Дихамбекқызы Зарипова да дәл осы жағдайларды еске алады:
"Жарық жоқ, жол жоқ, ешкім бір-бірін танымайтын. Қалада жұмыс істейтіндер МАИ бекетіне дейін жаяу жететін, содан кейін ғана автобусқа мінетін немесе пойыз кестесін біліп алып, теміржолға дейін барып, пойызбен қаладағы вокзалға жететін. Содан кейін ғана жұмысқа баратынбыз. Қазір ауыл өте қатты өзгерді, барлық жағдай жасалған деуге болады".
Бақыт Зарипова, Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ал Әбдіхалық Исмаилов бұрынғы жағдай мен өзгерістер туралы емес, ауылда қандай адамдар тұратыны туралы айтты:
"Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген адамдар тұрады. Бәріміз бір-бірімізді танимыз, араласамыз. Көршілеріміз жақсы. Әрдайым бір-бірімізге көмектесеміз. Бірде біреудің үйі өртеніп кеткенде, бүкіл ауыл болып оларға көмек ретінде ақша жинап бердік".
Әбдіхалық Исмаилов, Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Егер репортаждан кейін біреудің елордадан қала маңына көшіп, осындай бауырмал жандармен танысқысы келсе, мұндағы жылжымайтын мүлік бағасын біле жүргені артық етпейді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Үйлерге келетін болсақ, бірден көшіп кіріп, жайлы тұруға болатын еңселі үйлердің бағасы шамамен 20–25 миллион теңгеден басталады. Ал жер телімдері үшін мұнда шамамен екі миллион теңгеден бастап сұрайды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Қорытындылай келе, жоба аясында Астана маңындағы халықтың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын зерттейтінімізді тағы да еске саламыз. Бірақ біз қорытынды жасамаймыз. Қай ауылдың ең үздік немесе ең нашар екенін оқырмандар мен көрермендер шешеді. Ең бастысы - жаңа жарияланымдарды өткізіп алмаңыздар.
Ал сіз елорда маңындағы тағы қандай елді мекендерді білесіз? Пікір қалдырыңыз және егер Ыбырай Алтынсарин ауылында болған болсаңыз, алған әсеріңізді міндетті түрде бөлісіңіз.
Авторы: Иван Сухоруков, Нұрлан Әлжабаев, Роман Павлов
Аударған: Нұрила Ермекбай
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу