Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Астана мен Алматы қалаларында Наурыз мерекесіне орай жүздеген іс-шара өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Астана
"Наурызнама" тұжырымдамасына сәйкес, 21 наурыз – Ынтымақ күні. Осыған орай, Достық үйінде "Қош келдің, Әз Наурыз!" атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Ал "Наурыз – береке бастауы" концерттік бағдарламалары қаланың бірнеше жерінде өтеді. Олар:
қалалық алаңда;
"Қазақ елі" монументі;
EXPO аумағы;
"Астана Арена" стадионы;
"Astana Music Hall" алаңы;
"Ататүрік" саябағы;
21-22 наурыз күндері "Қазақ елі" алаңында гуманоидты робот пен робот-иттің қатысуымен арнайы көрсетілімдер де өтеді.
Сондай-ақ, ол күндері Астананың тұрғын алаптарында дәстүрлі "Наурыз мейрамы" халықтық көңіл көтеру іс-шаралары ұйымдастырылады.
Алматы ауданында – Теміржолшылар тұрғын алабы мен "Жерұйық" саябағы;
Нұра ауданында – "Жағалау" және "Айғыржал" гүлзарлары;
Сарайшық ауданында – Интернациональный және Промышленный елді мекендері;
Байқоңыр ауданында – Өндіріс және Кірпішті тұрғын алаптары;
Есіл ауданында – "Бағыстан" және "Пригородный" тұрғын алаптары;
Сарыарқа ауданында – "Наз" би театры алдында және "Қорғалжын" гүлзары.
EXPO халықаралық көрме орталығында 23 наурызға дейін шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, ұлттық ойындар мен жарыстар өтеді. Ал ұлттық нақышта заманауи технологияларды қолдана отырып безендірілген киіз үйде робот-ит пен дрон-полицейдің көрсетілімін тамашалауға болады. Сағат 14:00-ден 18:30-ға дейін Наурыз мейрамына арналған жәрмеңке жұмыс істейді.
Елорда циркінде шоу-бағдарлама (21 наурыз, сағат 16:00-де), ал "Астана Арена" стадионы алдындағы алаңда жасанды интеллект арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын диагностикалық жабдық орнатылады. Сол жерде робототехника көрмесі де ұйымдастырылады.
Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында "Қош келдің, Әз Наурыз!" концерттік бағдарламасы сағат 12:00-де басталады.
Жалпы, қалада 30-дан астам алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
"Наурызнама" онкүндігінің соңғы күні – 23 наурызда аулаларды қар мен қоқыстан тазартуға арналған акция өтеді.
Алматы
Алматыдағы мерекелік шаралар негізгі төрт алаңда өтеді. Олар: Астана алаңы, Абай алаңы, Жібек жолы даңғылының жүргіншілер аймағы және Панфилов көшесі;
21 аурыз
Астана алаңында сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Отандық эстрада жұлдыздары қатысатын гала-концерт те өтеді. Оған Медеу Арынбаев, Сәкен Майғазиев, Нұржан Керменбаев, Ернар Айдар, Жарқынай Ханайым, Ален Самықенов, Әбік Жексен, Жұлдыз Өмірғали, Диная, Салтанат Бақаева, Мөлдір Әуелбекова, Әсет Есжан, Әзімбек Байлин, Ерден Жақсыбек, Мұхтар Ханзада, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Талғат Күзембаев, Нұрмұхаммед Жақып, сондай-ақ "Дос-Мұқасан", "Ұлытау", "KeshYOU" және "Алашұлы" топтары өнер көрсетеді.
Кештің арнайы қонағы – әзербайжандық әнші Роза Зергерлі.
Алаңда 6 тақырыптық киіз үй тігіледі.
Абай алаңында мерекелік шаралар сағат 12:00-де басталады. Ол жерде күні түрлі көрмелер, фестивальдер, интерактивті шаралар, спорттық ойындар мен көпшілік серуендер өтеді.
Шығармашылық ұжымдар қатысатын концерттік бағдарлама келетін әртістер: Айгүл Үлкенбаева, Arkaiym тобы, Il canto және La Bella квартеттері, Мөлдір Әуелбекова, Нұрсұлтан Нұрбердиев, сондай-ақ заманауи орындаушылар Kyle ruh, Nurbullin, Сәбира Садырқожаев, Айбар Санбай, "Әгугай" ансамблі, "Сардар" этно-ансамблі, "Сақ" тобы, Nursad, Aikentai, AyaFUNK, Astra, Moonlight, Amalyat, "Альфа" тобы және Ayree өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, 21-23 наурыз күндері Абай алаңында Түркі әлемі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Жібек жолы – Панфилов көшелері бойында мерекелік шаралар сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Robo DJ-дің ерекше шоуы, Serpin этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы "NAURYZ: Qazaq Sound" концерттік бағдарламасы, ал кешке қарай "Dream Light" жарық шоуы өтеді.