Астана мен Анкара жаңа өңірлік тәртіптің авторына айналып келеді түрік сарапшысы

17.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Мемлекет басшысы Түркияға сапары барысында Анталия дипломатиялық форумы аясында өткен «Болашақты жобалау: белгісіздіктерді басқару» панельдік сессиясына қатысып, бірқатар елдердің өкілдерімен геосаяси және экономикалық мәселелерді талқылады.

Сарапшының айтуынша, бұл сапарды тек достас елдер арасындағы кездесу ретінде емес, Еуразиядағы күштер теңгерімінің жаңа үлгісін қалыптастыру үдерісінің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет.

– Біз жай ғана дипломатиялық жақындасуды емес, стратегиялық ойлаудың үндесуін көріп отырмыз. Қазақстан мен Түркия бұрыннан географиялық тұрғыда көпір қызметін атқарған елдер болса, бүгінде бұл рөл саналы саяси таңдауға айналып отыр. Бұл – кездейсоқтық емес, ұзақмерзімді прагматикалық стратегияның нәтижесі, – деді Сүлейман Кызылтопрак.

Оның пікірінше, сапардың маңыздылығы оны қоршаған геосаяси контекстпен де байланысты.

– Анталия дипломатиялық форумы тек пікір алмасу алаңы емес, дәстүрлі одақтардан тыс жаңа өзара іс-қимыл форматтары қалыптасатын кеңістікке айналды. Дәл осы жерде Қазақстан мен Түркия икемді саясат ұстанып, дайын блоктарға қосылудан гөрі өз күн тәртібін қалыптастыруға ұмтылып отырғанын көрсетуде, – деп атап өтті ол.

Профессор қазіргі таңда Еуразияда жаңа ықпалдастық осі қалыптасып келе жатқанын айтты.

– Әңгіме классикалық одақ туралы емес, икемді серіктестік жүйесі туралы болып отыр. Мұнда мемлекеттер өз дербестігін сақтай отырып, бір-бірін толықтырады және күшейтеді. Қазақстан мен Түркия осы үдерісте жаңа өңірлік тәртіптің тең авторына айналып келеді, – деді сарапшы.

Сөз соңында ол мұндай сапарлардың ұзақмерзімді әсеріне назар аударды.

– Мұндай кездесулер бірден нәтиже бермеуі мүмкін, алайда дәл осындай қадамдар уақыт өте келе тарихи өзгерістердің негізін қалайды. Анталиядағы кездесу – кейін трансформациялық ықпал етуі мүмкін маңызды кезеңдердің бірі. Бұл – әлемдегі өзгерістерге жай ғана жауап беру емес, оны бірлесіп қайта ойлап, қалыптастыруға ұмтылыс, – деп түйіндеді Сүлейман Кызылтопрак.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью