Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Келіссөздер нәтижесінде сауда-экономика, қорғаныс, медицина, цифрландыру және көлік-логистика бағыттарын қамтитын 10-нан астам құжатқа қол қойылды. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы келісімдердің мәнін тарқатты.
Энергетикадан ғылымға дейінгі келісімдер пакетіҚазақстан мен Моңғолия бүгінде ұқсас тарихи кезеңнен өтіп жатыр. Қос ел саяси жаңғыруды қатар тереңдетіп, шикізаттық модельден өндірістік экономикаға көшуге бет алды. Бұл үдеріс ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыру және жаңа технологияларды тарту бағыттарымен тығыз ұштасып отыр. Осылайша, екі мемлекеттің даму траекториясы өзара үндесіп, серіктестіктің мазмұнын жаңартуға негіз қалайды.
Сонымен қатар Моңғолияның географиялық орналасуы оны Орталық Азия кеңістігіндегі маңызды ойыншылардың біріне айналдырып отыр. Бүгінде ел Қазақстан мен Қытай үшін ғана емес, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа және АҚШ үшін де стратегиялық қызығушылық тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға сапары екіжақты қатынастар шеңберінен асып, өңірлік геоэкономикалық үдерістер контексінде ерекше мәнге ие.
Сапардың мазмұны да соған саяды. Ол әріптестікті кеңейтіп, сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беруге бағытталды.
Фото: Ақорда– Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда, – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада жоғары мәртебелі қонақты қарсы алу барысында.
Ухнаагийн Хурэлсух та ұстанымды қуаттап, достық қатынастарды нығайту мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту Моңғолияның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол 2024 жылы Қазақстан Президентінің Моңғолияға сапары кезінде қол қойылған оннан астам құжатты еске салып, қазіргі келіссөздер сол уағдаластықтардың қисынды жалғасы екенін жеткізді.
Нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықтың институционалдық негізі едәуір күшейді. Негізгі салаларды қамтитын 13 құжатқа қол қойылып, өзара іс-қимылдың нақты тетіктері айқындалды. Саяси-дипломатиялық деңгейде сыртқы істер министрліктері арасындағы байланыс жүйеленсе, экономикалық бағытта сауда-экономикалық әріптестікке серпін беретін меморандумдар қабылданды. Энергетика мен өнеркәсіп саласында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және мұнай секторындағы кооперация келісілді. Қаржы саласында ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп, мәдени-гуманитарлық бағытта 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар медиа құрылымдар, ғылым академиялары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы келісімдер жаңа мазмұнға ие. Қазақстан–Моңғолия бизнес-форумы аясында жасалған 19 коммерциялық келісім серіктестіктің практикалық өлшемін айқындай түседі.
Фото: Солтан Жексенбеков/ KazinformСарапшылардың бағалауынша, бүгінгі таңда екіжақты қатынастардың өзегін сауда-экономикалық ынтымақтастық құрайды. Дегенмен оның ауқымы дәстүрлі сауда шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.
– Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимыл ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, өнеркәсіп, инвестициялар, жаңа технологиялар, цифрландыру, тіпті ғарыштық зерттеулерге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұл екіжақты қатынастардың біртіндеп көпқырлы әрі прагматикалық сипат алып келе жатқанын көрсетеді, – дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукен.
Фото: Бауыржан Әукеннің жеке мұрағатынан Қос тараптың жаңа экономикалық моделіЕкі ел арасындағы тауар айналымы әзірге жоғары деңгейде емес. Өткен жылы шамамен 133 млн долларды құрады. Дегенмен, тараптар бұл көрсеткіштің әлеуеті әлдеқайда кең екенін атап өтіп, оны орта мерзімде 500 млн долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп бағалап отыр. Мақсатқа жетудің негізгі тетігі ретінде агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өндірісі айқындалды. Қазақстан астық, ұн, май өнімдері, күріш және кондитерлік өнімдер экспортының көлемін ұлғайтуды көздейді. Алайда басты басымдық шикізат жеткізуге емес, толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыруға беріліп отыр. Мәселен, мал шаруашылығынан дайын ет өнімдеріне, жүн өңдеуден тоқыма бұйымдарына, тері шикізатынан дайын тауарларға дейінгі қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту жоспарланған.
– Тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу мақсаты өршіл болғанымен, бірқатар бағыт қатар дамыған жағдайда межеге қол жеткізуге болады. Ең алдымен, өзара жеткізілім номенклатурасын кеңейту, бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру және сауда-әкімшілік кедергілерді азайту қажет.
Сонымен қатар Қазақстанның Моңғолияға сауда миссияларын ұйымдастыруы, бизнес арасындағы тікелей байланыстарды күшейтуі және индустриялық, арнайы экономикалық аймақтарды ынтымақтастық алаңы ретінде ұсынуы маңызды. Ұлан-Батыр мен Алматыда өзара сауда кеңселерін ашу бастамасы да ерекше мәнге ие. Бұл – бір реттік жеткізілімдерден тұрақты іскерлік инфрақұрылымға көшу деген сөз, – дейді Бауыржан Әукен.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық байланыстардың маңызды құқықтық негіздерінің бірі – Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша еркін сауда келісімі. Аталған құжат 367 тауар түрі бойынша кедендік баждарды жоюды көздейді. Сонымен қатар келісім тек тарифтік реттеумен шектелмей, санитарлық және техникалық стандарттарды үйлестіруді, сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеңілдетуді қамтиды.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, ол кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді айтарлықтай азайтып, бизнес жүргізу процесін жеңілдетеді. Қысқа мерзімде оның оң әсері де байқалған, сауда көлемі артып, шамамен 58 млн долларлық өсім тіркеліп отыр.
– Экспорт құрылымы да біртіндеп кеңейіп келеді. Азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үлесі артып, B2B форматындағы байланыстар күшеюде, – дейді сарапшы.
Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынанПерспективалық бағыттар қатарында агроөнеркәсіптік кооперация айрықша орын алады. Моңғолияның мал шаруашылығы – Қазақстан үшін маңызды нарықтық мүмкіндік. Тау-кен секторында Моңғолияның табиғи ресурстары, ал Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі мен технологиялық әлеуеті өзара толықтырушы сипатқа ие.
– Логистика мен транзит тұрғысынан алғанда, екі елдің географиялық орналасуы үлкен мүмкіндік береді. Қазақстан мен Моңғолия Қытай мен Ресей арасындағы маңызды көпір рөлін атқара алады. Мұндай жобалар экономиканың мультипликативтік әсерін күшейтеді: тасымал құны төмендейді, жеткізу уақыты қысқарады, транзиттік табыс артады. Сонымен қатар жаңа дәліздер жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Қазақстан үшін бұл Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позицияны одан әрі нығайтады, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Цифрлық экономика да екіжақты ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда. Қазіргі кезеңде сала қалыптасу сатысында болғанымен, әлеуеті жоғары. Электронды сауда платформаларын дамыту, цифрлық кеден жүйелерін енгізу, логистикадағы финтех шешімдер және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру екі ел арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтере алады.
– Еуразиялық экономикалық одақ аясында да электронды сауданы дамыту және шағын әрі орта бизнесті қолдау бағыттары белсенді түрде қарастырылып отыр.
Моңғолия инвесторларға табиғи ресурстарға бай, Қытай нарығына географиялық жақын және экономиканы әртараптандыруға ұмтылысы арқылы тартымды болып отыр. Ал Қазақстан үшін бұл – аграрлық экспортты кеңейту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту және өндірісті локализациялау тұрғысынан маңызды мүмкіндік. Әрине, бұл бағытта белгілі бір тәуекелдербар. Олардың қатарында институционалдық базаның толық жетілмеуі және жоспарланған 500 млн долларлық межеге қол жеткізудің күрделілігі атап өтіледі, – дейді экономист.
Дегенмен, негізгі драйверлер айқын. Ол – логистикалық әлеует пен табиғи ресурстар. Осы артықшылықтарды тиімді пайдалану Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты елеулі нәтижеге жеткізуі мүмкін.
Транзиттік көпір: Қазақстан – Моңғолия – Қытай үштағаны жаңа кезеңдеКөлік-транзиттік байланыстарды дамыту Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттарының біріне айналып отыр. Географиялық тұрғыдан тікелей шекараның болмауы бұл бағыттың маңызын одан әрі арттырып, инфрақұрылымдық шешімдерді ұзақ мерзімді экономикалық саясаттың өзегіне шығарады.
Фото: ҚазАвтоЖол– Біз елдерімізді байланыстыратын автомагистраль салу қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келдік. Әрине, бұл - жан-жақты талдау мен мұқият зерттеуді талап ететін күрделі жоба. Болашақта Қазақстан – Моңғолия автомагистралін іске қосу сауда қатынастарына қуатты серпін береді, ал оның транзиттік әлеуеті көршілес елдерге де елеулі пайда әкеледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды баспасөз мәслихатында.
Жол инфрақұрылымымен қатар, көлік байланыстарын әртараптандыруда әуе қатынасы маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда Алматы – Ұлан-Батыр бағыты бойынша тұрақты рейстер орындалып келеді. Сонымен бірге жақын перспективада Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы жолаушылар әуе тасымалын қайта іске қосу жоспарланған. Бұған қоса келіссөздер нәтижесінде Өскемен – Өлгей бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Фото: ҚР Көлік министрлігіАталған бастамалар Орталық Азия елдері мен Қытайды байланыстыратын Орта дәлізді дамыту стратегиясымен тікелей сабақтас. Бұл бағыт Моңғолияға тек Шығыс Азия нарықтарымен шектеліп қалмай, Қазақстан арқылы Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді. Осылайша, елдің логистикалық кеңістігі біртіндеп трансконтиненттік жүйеге интеграцияланады.
Негізгі инфрақұрылымдық түйін ретінде Моңғолия теміржол желілерін Қытай бағыттарымен байланыстырып, одан әрі Қорғас хабына шығару көзделіп отыр. Бұл қадам Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік арналардың өзара ықпалдасуын күшейтіп, бірыңғай логистикалық жүйенің қалыптасуына жол ашады.
Сарапшылардың пікірінше, Моңғолияның Орта дәлізге қосылуы стратегиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да толық негізделген шешім.
– Ұлан-Батыр бұл бағытты ет және мал шаруашылығы өнімдерін Еуропа нарығына қауіпсіз әрі тиімді жеткізу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Ал Астана транзиттік төлемдер арқылы тұрақты табыс алып, өз логистикалық хабтарының толық жүктелуін қамтамасыз етеді. Инфрақұрылымның дамуы нәтижесінде тауар жеткізу уақыты шамамен 13 күнге дейін қысқаруы мүмкін. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк Қазақстан теміржолдарын жаңғыртуға 846 млн АҚШ доллары көлемінде кепілдік бөлді. Бұл жобалар тасымал жылдамдығын арттырып, орта мерзімде өзара тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайтуға ықпал етеді, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Рүстем Мұстафин.
Осылайша, Қазақстан – Моңғолия – Қытай үштағаны Шығыс Еуразиядағы маңызды транзиттік дәліздердің біріне айналып келеді. Автожолдар мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жүк ағынын арттыру және логистикалық тораптарды күшейту ортақ экономикалық стратегияның жүйелі бөлігіне айналуда.
Фото: Рүстем Мұстафиннің жеке мұрағатынан– Қазіргі таңда әлемдік сауда тұрақсыз теңіз және солтүстік бағыттардың орнына қауіпсіз құрлықтық маршруттарға басымдық беріп отыр. Қазақстан серіктестеріне Транскаспий халықаралық бағытының мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Бұрын Моңғолия транзит бойынша тек Ресей мен Қытайға тәуелді болса, енді Ұлан-Батыр Ақтау мен Құрық порттары арқылы әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Бұл порттардың жиынтық өткізу қуаты жылына 21 млн тоннаға жетеді. Нәтижесінде Еуропаға жүк жеткізу уақыты 13-17 күнге дейін қысқарады. Ал Ресей аумағы арқылы өтетін балама бағыт іске қосылған жағдайда қашықтық шамамен 800 шақырымға қысқарып, логистикалық шығындар 20 пайызға дейін төмендейді, – деп түйіндеді сарапшы.
Еуразияны жалғаған серіктестікЕкі ел арасындағы жақындық тек тарихи жадымен шектелмейді. Бүгінде Қазақстан мен Моңғолия өнер, музыка және білім беру салаларында бірлескен жобаларды дамытып, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың аясын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Осы үрдіс екіжақты қатынастардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух та аталған басым бағыттарды алдағы кезеңде жалғастыруға дайын екенін растады. Соның нақты көрінісі ретінде биыл Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығы ашылады. Қазіргі уақытта дәл осы өңірде 100 мыңнан астам қазақ тұратыны бұл шешімнің маңызын одан әрі арттырады.
Фото: escapetomongolia.comҚасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух аталған басым бағыттарды алдағы кезеңде де жалғастыруға дайын. Осыған сәйкес, биыл Моңғолияда Study in Kazakhstan білім беру көрмесін өткізу жоспарланған. Сонымен қатар Ұлан-Батырда Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.
Білім беру саласындағы ынтымақтастықпен қатар, тараптар өңіраралық байланыстарды да күшейтуге назар аударып отыр. Осы бағытта бауырлас қалалар институтын дамыту арқылы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан Президентінің айтуынша, мұндай тетіктер тек достық байланыстарды нығайтып қана қоймай, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың институционалдық негізін де күшейтеді.
Екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын айқындайтын тағы бір маңызды қадам – жоғары мемлекеттік марапаттау рәсімі болды. Өзара сенім мен құрметтің белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухқа Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстады.
Фото: Ақорда– Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары дипломатиялық хаттамалық іс-шара ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия мен Моңғолия арасындағы жаңа интеграциялық кезеңнің бастауына айналды. «Алтай алшақтығын» еңсеру арқылы халқы 80 миллионнан асатын, жалпы ішкі өнімі 400 миллиард доллардан жоғары әлеуетті экономикалық кеңістік қалыптастыруға жол ашылып отыр. Бұл үрдіс Еуразиядағы жаңа экономикалық конфигурацияның қалыптасуына ықпал ететін фактор ретінде бағаланады.
Сапар сонымен қатар Ұлы Дала кеңістігіндегі экономикалық және көлік-инфрақұрылымдық архитектураны қайта қарастыру үдерісін жеделдетті. Бұл тұрғыда Астана мен Ұлан-Батыр тек астаналар деңгейіндегі байланыспен шектелмей, өңірді Еуразиялық сауда, транзит және мәдени ықпалдастықтың стратегиялық торабына айналдыруға бағытталған ұзақмерзімді серіктестер ретінде айқындалып отыр.
Символдық әрі саяси тұрғыдан маңызды жайт – Моңғолия Президентінің дәл осы күндері Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық форумға қатысуы. Форум климаттық сын-қатерлер жағдайында өңір елдерінің ортақ шешім іздеу алаңы ретінде өзектілігін арттырып отыр. Су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану саласында Қазақстанның көшбасшылық тәжірибесіне Моңғолия тарапынан жоғары баға берілді.
– Бірқатар елде ауыз судың тапшылығы мәселесі болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта бірлескен іс-шаралар маңызды. Климаттың өзгеруіне қатысты теріс салдарды азайту, таулы аймақтардағы экожүйені қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи апаттар тәуекелін азайту біздің өңір үшін маңызды тақырып. Бұл тұрғыда жаһандық экологиялық теңгерімді сақтауға ерекше назар аударған жөн. Осы орайда БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында осы бағыттар бойынша қабылданған бастамаларды қолдаймыз, – деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Фото: АқордаОның айтуынша, экология мен табиғатты қорғауға қатысты өңірлік бастамалар тек декларативті сипатта емес, нақты іске асырылатын орнықты даму тетіктеріне айналуы тиіс.
Бұдан бөлек, Моңғолия Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдайтынын атап өтті.
Осылайша, форум аясындағы сапар Астананың Орталық Азиядағы экологиялық дипломатия орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді. Қазақстан бұл арқылы өңірлік және жаһандық климаттық мәселелерді қатар қарастыра алатын ел екенін көрсетіп отыр.