Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
«Ішкі істер министрлігі жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алудың тиімді шараларының бірі – автокөлік жолдарында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау. Бұл тәсіл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етеді», деді деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Министрлік өкілі былтырдан бастап орташа жылдамдықты бақылау республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың 8 учаскесінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Биыл 10 шілдеден бастап бұл жүйе жалпы ұзындығы 525 шақырым болатын тағы 5 учаскеде іске қосылады. Атап айтқанда Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл, Астана – Теміртау және Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері.
Жезқазған – Қарағанды автожолы қайта жаңғырады
«Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр», деді Ақтоты Боранова.
Аға инспектордың айтуынша, орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
«Барлық жол жүрісіне қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз. Жолда үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес. Жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар», деді Ақтоты Боранова.