Астана Тазалық : Цифрлық трансформация өндіріс тиімділігін қалай өзгертті?

09.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

«Астана Тазалық» ЖШС коммуналдық қызмет сапасын арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ауқымды цифрлық трансформация жүргізіп жатыр. Кәсіпорында электронды жол парақтары, GPS-навигация, жасанды интеллект камералары және автоматтандырылған медициналық тексеру жүйелері енгізіліп, барлық өндірістік процесс онлайн режимде бақылауға көшірілді.

2025–2026 жылғы қысқы кезеңде кәсіпорын үлкен көлемдегі жұмыстарды атқарды: 2,2 миллион текше метрден астам қар шығарылды, 475 тонна реагент қолданылды. Күнделікті 600-ден астам арнайы техника мен 750-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қарқынды қар жауған кезеңдерде (ақпан – наурыз айының басы) жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілді. Қазір шамамен 200 қызметкер түнгі ауысымда жұмысын жалғастырып жатыр.

«Қазір бізде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуге арналған екі автоматтандырылған кешен жұмыс істейді. Жалпы саны – алтау. Соның бірі – №765 құрылғысы. Жүргізуші жұмысқа келген кезде жүйеге Face ID арқылы тіркеледі. Содан кейін ол қажетті тілді таңдайды, ал жүйе оның жеке басын автоматты түрде анықтайды.

Әрі қарай міндетті медициналық тексеру жүргізіледі. Ол жұмысқа шығар алдында да, ауысымнан кейін де орындалады. Құрылғы қан қысымын, алкоголь деңгейін, көру реакциясын тексереді. Сонымен қатар жүргізушінің денсаулық жағдайы бойынша шағымдары тіркеледі. Барлық мәлімет автоматты түрде медициналық қызметкердің жүйесіне түседі. Дегенмен рейске шығуға рұқсатты тек медицина қызметкері электронды түрде растайды. Тексеруден кейін жүйе арнайы чек қалыптастырады. Жүргізуші оны жұмыс барысында өзімен бірге алып жүреді. Егер қан қысымы жоғары немесе алкоголь ішу фактілері анықталса, жүргізуші жұмысқа жіберілмейді. Бұл жүйе қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік берді. Медициналық тексеруден кейін деректер бас механиктердің жүйесіне түседі. Олар техника мен жүргізушілердің ауысымдық жұмысын электронды түрде жоспарлайды.

Барлық жүргізушілердің телефонында арнайы қосымша бар. Жұмысқа келген кезде QR-код арқылы тіркеліп, жол парағы автоматты түрде ашылады. Барлық деректер бірыңғай цифрлық жүйеде онлайн бақыланады», деді «Астана Тазалық» ЖШС IT маманы Жарас Ахмедия.

Кәсіпорын қала аумағының шамамен 32%-ына қызмет көрсетеді, негізгі және орталық көшелердің тазалығын қамтамасыз етеді. Балансында 418 бірлік техника бар, қажет болған жағдайда мердігер ұйымдардың қосымша техникасы тартылды. Барлық техника тәулік бойы жұмыс істеді. Жазғы кезеңде қызметкерлер санын 450–550 адамға дейін оңтайландыру жоспарланған.

Модернизацияның негізгі бағыттарының бірі – процестерді цифрландыру болды. Электронды жол парақтары жүйесі енгізіліп, ол қазірдің өзінде 393 техника бірлігін қамтиды және нақты уақыт режимінде қозғалысты, орындалған жұмыс көлемін және материалдардың шығынын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар GPS-навигация, жанармай деңгейін бақылау датчиктері және жасанды интеллект негізіндегі мониторинг жүйелері енгізілген. Бұл шешімдер маршруттарды дәл бақылауға, жанармай шығынын есептеуге және жүргізушілердің жағдайын қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. Кейбір жүйелер шаршау немесе қауіп белгілерін анықтаған жағдайда автоматты түрде тиісті қызметке сигнал жолдайды.

Цифрландыру бағыты «Астана Тазалық» үшін тек технологиялық жаңару ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасын арттыру мен қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызды құралына айналған. Сондай-ақ электронды бақылау жүйелері мен автоматтандырылған процестер тек еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ықпал етіп отыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью