Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қысы қатал қаладағы қоғамдық тамақтану желісіне қарасты мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Шаймерденов өз кәсібін ерекше хоббимен ұштастыра білді. Қардан жасаған мүсіндерінің арқасында ол қысқа уақыт ішінде көшеде де, әлеуметтік желілерде де тез танымал болды.
Анадолу агенттігіне берген сұхбатында 60 жастағы Шаймерденов мейрамханада бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, үш жыл бұрын кіреберіс алдындағы қарды тазалау кезінде кішкентай қар жүректерін жасай бастаған, ал кейін ол туындылары келушілердің ерекше ықыласына ие болған.
Мекеме иесінің қарсы еместігіне көз жеткізген соң, ол өз бастамасымен жиналған қардан түрлі мүсіндер мен фигуралар жасай бастағанын айтты.
И.Шаймерденовтің кәсіби мүсіншілік білімі жоқ екенін, алайда бойындағы таланттың әулеттен дарығанын айтады. Оның әкесі сурет салумен айналысқан, ал нағашысы ағасы кәсіби сурет пәнінің мұғалімі болған екен.
Оның айтуынша, жастық шағында дәл сол ағасының арқасында өнерге бет бұрғанымен, кейін жалғастыру мүмкін болмаған.
«Мен анамнан ерте айырылдым. Әкем мені және бауырларымды жалғыз өзі өсірді. Үлкен бала болғандықтан, отбасыға көмектесуім керек болды, сондықтан жұмысқа ерте кірістім. Кейін өз шаңырағымды құрдым, балаларды асырау қажет болды. Міне, көзді-ашып жұмғанша жылдар зулап өте шықты», дейді ол.
Шаймерденов Астанада шамамен 20 жылдан бері тұрып келеді. Ол арада көп жыл өткен соң қайта оянған таланты өзіне үлкен қуаныш сыйлайтынын жасырмады.
«Талант ішімде ұйықтап жатқандай еді. Қайта бастаған кезде өзімді тапқандай болдым. Қазір өзімді де, келіп тамашалайтын балаларды да қуантып жүрмін», деді ол.
Оның айтуынша, ең үлкен қолдаушылары — балалары мен немерелері. Кейде немерелері мүсін жасауға көмектеседі, ал олардың қызығушылығы оған одан сайын зор шабыт береді.
Көбіне ол қардан жануарлардың бейнесін жасайды.
«Менің ең үлкен жанкүйерлерім — балалар. Олардың таңданысы мені одан да қызықты мүсіндер жасауға жетелейді», дейді ол.
Бір қар мүсінін жасауға орта есеппен шамамен жарты сағат уақыт кетеді, ал асықпай жұмыс істегенде бұл үдеріс екі сағатқа дейін созылуы мүмкін. Құрал ретінде негізінен күректі, кейде ас үй жабдықтарын да қолданады.
Шаймерденов оның туындыларын әдетте ешкім бүлдірмейтінін, ал зақымданған немесе бұзылған мүсіндерді өзі алып тастайтынын айтты.
Ол қыста қарды ермек қылса, жазда құмнан мүсін жасайды екен. Оның айтуынша, басты шабыт көзі ретінде ішкі сезімінен қуат алады екен.
«Егер адамда талант болса, оны қанша жасырсаң да, бір күні бәрібір сыртқа шығады», деді Ирик Шаймерденов.
Айта кетейік, Харбинде әлемдегі ең үлкен мұз бен қар саябағы ашылғанын жаздық.