Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Биыл жаңа атауға ие болып, бағыты жаңартылған бельгиялық біркүндік жарыс Брюгге маңында 202,9 шақырым қашықтықта өтті. Жарыс жаппай спринтпен аяқталып, тартысты бәсекеге ұласты.
Қазақстандық команданың шабандоздары жарыс бойы пелотонның алдыңғы қатарында белсенді жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстады. Нәтижесінде барлығы жаппай спринтте шешіліп, Макс Кантер мәреге үшінші болып жетті. Жарыста Unibet Rose Rockets командасының өкілі Дилан Груневеген жеңіске жетсе, Alpecin-Deceuninck командасынан Йеспер Филипсен екінші орын алды.
Макс Кантердің айтуынша, жарыс басталған сәттен мәреге дейін өте жоғары қарқынмен өткен. Оның сөзінше, бағыт бойында желдің әсерінен пелотон бірнеше топқа бөлінетін «эшелондар» жиі байқалғанымен, негізгі топ ұзақ уақыт бөлінбей, шиеленіс сақталған.
— Мәреге шамамен 20 шақырым қалғанда брусчаткада құлап қалдым. Команда мені қайтадан пелотонға жеткізу үшін керемет жұмыс атқарды және нәтижемді сақтап қалды. Жігіттерсіз жарысқа қайта оралып, соңғы кезеңде орын үшін күресу мүмкін болмас еді. Соңында позициямды сәл жоғалтып алдым, сондықтан мықтылардың жанында қалуға тырыстым. Ақыры бәрі жаман болмады, спринтім үшінші орынға жетті. Бұл брусчаткалы классикалардың шешуші кезеңі алдында жақсы бастама деп ойлаймын, — деді Макс Кантер команданың баспасөз қызметіне.
Айта кетейік, Макс Кантер бұған дейін де осы маусымда жетістікке жеткен. Ол беделді «Париж-Ницца» жарысының екінші кезеңінде жеңіске жеткен.
Ал XDS Astana Team-нің тағы бір велошабандозы Гарольд Тежада Париж-Ницца көпкүндік жарысының сегізінші кезеңінде 3-орын алды.