Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Кездесудің басты себебі – таеквондоны дамыту бағыттарын, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін және алдағы айларға арналған халықаралық жарыстар күнтізбесін талқылау болды.
Жиынға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу және Қазақстан таэквондо федерациясының және Altaic Taekwondo Union президенті Кудрәт Шамиев және одаққа мүше елдер – Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Өзбекстан және Қазақстан өкілдері қатысқан. Өз кезегінде World Taekwondo президенті доктор Чоу Одақты алда қызықты жаз маусымы күтіп тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ Altaic Taekwondo Championships турнирінің алғашқы маусымын жоғары деңгейде өткізу үшін одақ құрамындағы барлық құраманың толық қатысуы маңызды екені айтылды.
– Спорт – тек жарыс алаңы емес, халықтарды жақындастыратын, сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды құрал да бола алады. Бүгінгі таңда таеквондо сияқты спорт түрлері мәдениеттер арасындағы диалогты күшейтіп, мемлекеттер арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтере алады. Біз Altaic Taekwondo Union аясында бұл бағытты жүйелі дамытып, спортты жұмсақ күштің тиімді құралына айналдыруды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан таэквондо федерациясының басшысы К. Шамиев.
2025 жылы қазан айында Қытайдың Уси қаласында Altaic Taekwondo Union-ның алғашқы Бас ассамблеясы өткен еді. Келесі басқосу 2026 жылғы 21 маусымда Астанада өтеді.
Одан кейін 22–23 маусым күндері жасөспірімдер мен ересектер арасында Altaic Taekwondo Championships жарыстары ұйымдастырылады. Бұл турнир Турнир Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми күнтізбесіне енгізілген және G-1 санатында өтеді, бұл оның жоғары халықаралық мәртебесін айқындайды.
Айта кетейік, жалпы 2026 жылы Астанада таеквондодан үш халықаралық турнир өтеді. 22-23 маусым аралығында Altaic Cup турнирі өтетіні белгілі. Одан екі күн өткен соң, 25 маусымда Kazakhstan Open-2026 жарысы басталады. Турнир 27 маусымға дейін жалғасады.
Ал халықаралық жарыс күнтізбесіндегі ең маңызды додалардың бірі - Гран-при финалы. Бұл жарыс 28-29 қараша аралығында өтеді.
Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы таеквондодан Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алғашқы жүлдеге ие болды. 48 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Ерзат қола медаль жеңіп алды. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.