Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Жоба «ÖzgeEpic» креатив хабының, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» түлектері бірігіп құрған Creativity Support Team – Креативті қолдау тобының бастамасымен жүзеге асқан.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Құрманжанқызының айтуынша, жобаның дайындық кезеңі 8 айдан астам уақытқа созылып, 20-дан астам түрлі саланың мамандары қатысты.
Фото: Kazinform
Қойылым психологтер, инклюзивті білім беру мамандары, әлеуметтанушылар мен заңгерлердің қатысуымен, әлеуметтік және ғылыми деректерге сүйене отырып жасалған.
Актриса Гүльмира Жакилина спектакльдің идеялық салмағы мен дайындық барысы туралы айтты.
– Зерттеуден кейін актерлерді жинап, дайындық кезеңін бастадық. Аутизм диагнозы бар балалар мен олардың ата-аналарына қоғамның жылы қабақ танытуы – біздің басты миссиямыз. Біз жасаған ісіміз кішкене болса да әсер етсе екен дейміз, – деді ол.
Спектакльде ерекше баланың рөлін сомдаған актер Марғұлан Нашанов бұл тақырыптың ауыр болғанын жеткізді.
Фото: Kazinform
– Қиын сәттері көп болды. Ең бастысы – қабылдау қиын. Бірақ дайындық кезінде ата-аналардың өмірлік тәжірибесі бізге көп көмек болды. Аутизм – ауру емес, әлемге басқа қырынан қарау деп білемін, – деді актер.
Қойылымның режиссері Шырын Мұстафина бұл туындының кәсіби жолындағы ерекше белес екенін атап өтті.
– Бұл тақырып бізге басқа әлемді танытты. Әрбір дайындықта актерлер кейіпкерлерін жүрекпен сезінді. Мен өзім де реабилитациялық орталықтарға барып, балаларды зерттедім. Олардың әлемін түсіну – спектакльдің өзегі болды, – дейді режиссер.
Премьера соңында көрермен қойылым тақырыбы бойынша талқылауға қатысып, қоғамдағы инклюзия мен түсіністік мәселелерін бірге саралады.
Айта кетейік, Астанада аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар.