Астанада аутизмге шалдыққан балалардың ата аналары өз тәжірибесін бөліседі

01.04.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. 2026 жылдың 4 сәуірінде Астанада дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарына арналған жыл сайынғы Autism Talks кездесуі өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Іс-шараны Bolashak Charity қоғамдық қоры AMANAT партиясының қолдауымен "Кедергісіз келешек" бағдарламасы аясында төртінші рет ұйымдастырады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аутизм шамамен әрбір 100 баланың бірінде кездеседі. Ал Қазақстанда 237 мың ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген, олардың 212 мыңы – интеллект бұзылыстары, психикалық даму тежелуі және мінез-құлық пен әлеуметтік өзара әрекеттегі қиындықтары бар балалар", - деп жазылған Bolashak Charity хабарламасында.

Autism Talks – ата-аналар өз тәжірибесімен ашық бөлісетін алаң. Мұнда диагнозды қабылдаудан бастап, тиімді шешімдерді табу мен отбасы өмірін жақсартуға дейінгі нақты тәжірибелер айтылады. Кездесу форматы – өмірден алынған оқиғалар, практикалық кейстер және ашық диалог.

Биыл спикер ретінде қатысуға шамамен 100 өтінім түсті, оның ішінде шетелдік қатысушылар да бар. Қорытынды бағдарламаға Астана, Қарағанды, Талдықорған және Орал қалаларынан 10 спикер енгізілді.

Баяндамалар келесі маңызды тақырыптарды қамтиды:

диагнозды қабылдау және ата-аналардың эмоционалдық жағдайы;

жасөспірімдердің дамуы мен дербестігі;

бейімделген спорт;

мектепте және үйде мінез-құлықпен жұмыс істеу.

Іс-шараның екінші бөлігінде психиатрлар, психологтар, ПМПҚ өкілдері, мінез-құлықты қолданбалы талдаушылар және құқық қорғаушылар ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, нақты жағдайларды талдайды.

Сондай-ақ іс-шара аясында:

ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер дайындаған өнімдер жәрмеңкесі;

серіктестерден сыйлықтар ұтысы;

қатысушыларға арналған интерактивті бағдарлама өтеді.

Іс-шара мына мекенжайда өтеді: Астана қаласы, Қонаев көшесі, 4, "Қазмедиа Холл" киноконцерт залы.

Iс-шараға ата-аналар мына сілтеме арқылы тіркеледі. Журналистер үшін аккредитация 3 сәуір сағат 18:00-ге дейін ашық: +7 775 225 19 07, Ляйля Қабпасова

Еске сала кетейік, 2 сәуір – БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген аутизм туралы ақпарат тарату күні.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью