Астанада Автормен кездесу жобасы басталды

24.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу өтті. Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында бастаған «Автормен кездесу» жобасының алғашқы басқосуы болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Жоба Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – кітап оқу мәдениетін дамыту, отандық әдебиетті насихаттау және қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайту.

Кездесудің негізгі тақырыбы Роза Мұқанованың шығармашылығына арналды. Қаламгер туындыларында адам тағдыры, тарихи жады мен адамгершілік құндылықтар терең суреттеледі.

Әсіресе, «Мәңгілік бала бейне» шығармасына ерекше назар аударылды. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың қасіретті зардаптарын арқау еткен туындыда жазушы басты кейіпкердің тағдыры арқылы адамзат трагедиясын, тарихи жады мен қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелерін көтереді.

Шығармашылық жүздесу барысында жазушының әдебиетке келу жолы, шығармаларының жазылу тарихы және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар қаламгермен еркін пікір алмасып, оқыған туындылары жөніндегі әсерлерімен бөлісті және көкейдегі сұрақтарын қойды.

«Автормен кездесу» жобасы оқырмандар мен қазақстандық қаламгерлер арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін әдеби алаң болмақ. Қор әсіресе жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға және отандық жазушылардың шығармаларын кеңінен танытуға басымдық береді.

Креативті индустрияларды дамыту қоры алдағы уақытта шығармашылық кездесулерді жалғастырып, қазақ әдебиетін насихаттауға бағытталған іс-шараларды кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью