Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Фото: Астана әкімдігі
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, алғашқы «Бесік әлемі» блогы үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. 1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арбалар шеруі өтеді. Президент саябағында еңбектейтін сәбилер арасында «Шапшаң бөбек» жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар қала саябақтарында отбасылық фотоаймақтар мен дамытушы ойын алаңдары ашылады.
3-6 жас аралығындағы балаларға арналған «Балапан әлемі» блогы аясында бүлдіршіндерге судағы, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздік ережелері ойын форматында түсіндіріледі.
1 маусым күні елордада III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Сағат 12:00-де фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен Ғашықтар саябағына дейін шеру жасайды. Ал кешкі сағат 17:00-де Амфитеатрда мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 10:00-18:00 аралығында қалалық емханаларда балаларға арналған стоматологиялық ашық есік күні өтеді.
7-10 жас аралығындағы балаларға арналған «Білім мен арман әлемі» блогы шеңберінде түрлі шығармашылық және спорттық шаралар жоспарланған. 30 мамыр күні Жерұйық-2 саябағында ерекше балаларға арналған «Бақытты бала» мерекесі өтеді.
1 маусым күні Кірпішті және Өндіріс алаптарында «Көңілді старттар» сайыстары ұйымдастырылады. «Хан Шатыр» орталығында балалар сән көрсетілімі өтсе, №64 мектеп-лицейінде «Әлем балалар көзімен» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады.
Техникалық және көркем шығармашылық орталығында балалар жұмыстарының көрмесі мен шеберлік сабақтары өтеді. Қалалық алаңда концерттік бағдарлама ұсынылады.
Сәнді кештің орнына игі іс: Алматылық түлектер балалар үйі мен көпбалалы отбасыға теледидар сыйлады
11-14 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған «Жас өркен» блогында қауіпсіздік, спорт және экологиялық бағыттағы іс-шаралар қамтылған. 29 мамыр күні Есіл жағалауындағы Амфитеатрда «Жасыл ел» еңбек маусымының ашылуы өтеді.
Сондай-ақ «Bala energy» open-air фестивалі, «Ethno Games АрқаLan» ұлттық спорт ойындары фестивалі және кинологиялық орталыққа экскурсиялар ұйымдастырылады.
Жасөспірімдерге арналған «Болашаққа қадам» блогы аясында 1 маусым күні халықаралық «Astana FIDA Drone Soccer Championship» дрон-футбол чемпионаты өтеді. Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылса, қалалық алаңда опера және балет театрымен бірлескен «Түрлі-түсті мозайка» байқауы өтеді.
Ең ауқымды «Бақытты отбасы» блогы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған. 28 мамыр күні Паралимпиадалық жаттығу орталығында спорттық-ойын-сауық жарыстары ұйымдастырылады.
29 мамырда MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында «Шекарасыз денсаулық» акциясы өтеді. Оның аясында тұрғындарға салауатты өмір салты мен аурулардың алдын алу жөнінде ақпарат таратылады.
30 мамыр күні Президент саябағында «Экомамафест 2026» отбасылық фестивалі ұйымдастырылады. Ал 30-31 мамыр күндері «Жетісу» саябағында «БөпеFair» балалар фестивалі өтеді.
1 маусым күні Орталық саябақта отбасылық Kids RUN жарысы басталады. Президент саябағында жас отбасыларға арналған сурет салу курсы ұйымдастырылып, Ailand орталығында мерекелік концерт өтеді.
Сонымен қатар мереке қарсаңында елордадағы бірнеше аулада жаңартылған балалар ойын және спорт алаңдары ашылады.
1 маусымнан бастап Астанада мектеп жанындағы жазғы лагерьлер де жұмысын бастайды.
Бұған дейін балалардың жазғы демалысы жаңа талаппен ұйымдастырылатыны туралы жазғанбыз.