Астанада баспана құрылысы қашан аяқталады?

04.12.2025

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Астанадағы «Мадрид-3» тұрғын үй кешенінің үлескерлері төрт жылдан бері өз пәтерлеріне кіре алмай жүр. Құрылысы 2022 жылы аяқталуға тиіс нысан әлі күнге дейін тапсырылмаған. Бұған не себеп? Компания өкілдері не дейді? 

«Мадрид-3» тұрғын үй кешенінің үлескерлері бос уәдеге тойған. Алдымен қараша, кейін қаңтар, әрі кетсе бір «жазда» табысталар деген сөзді олар төрт жыл бойы естіп келеді. 

Алуа Төлеуханова, қала тұрғыны:

- Осы «Мадрид 3»-ке 100 пайыз ақшамызды салып, күткенімізге міне төрт жыл болды. Екі кішкентай немере мен келін, бәріміз бір бөлмелі үйде тұрып жатқанымызға міне осынша уақыт болды. Енді мынау не деген сұмдық?

Ал ақшасын кері қайтарайын десе, төрт жылда нарықтағы баспана бағасы шарықтай түскен.

Ажар Темірханова, қала тұрғыны:

- 20-шы жылы өзімнің пәтерімді салып, толық оплата жасағанмын 17 млн 100 мың құйдым. Алайда ол ақшаға ешқандай үй сатып ала алмаймыз. Ал олар ақшаңды ертең-ақ қайтарып береміз деп айтады.

Қазір тұрғын үй кешенінің сырты бүтін көрінгенмен, кірерге есігі де жоқ. Тұрғындар, материалдардың ұдайы кеш жеткізілетінін, әрі құрылыс қарқыны тым баяу екенін алға тартады.

Арман Сәпиев, қала тұрғыны:

- Осы Айтматов көшесімен үш рет өтемін. Күні кеше адам жоқ еді. Мүлдем болған жоқ. Бүгін жиналыс болады дегенге адамдар келіп жұмыс істеп жатыр.

Тұрғындардың сөзінше, әу баста, бұл жерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат болмаған. Құрылыс компаниясы мұны елемей, рәсімделмеген жер учаскесінде үй салған. Салдарынан «Мадрид-3»-те қазір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға мүмкіндік жоқ. Компания өкілдері де мұны растайды. «Әрі мәселені таяуда шешеміз»,- дейді.

Мақсат Досжанов, G-Park компаниясының ресми өкілі: 

- Келісімшартта көрсетілген барлық міндеттемелерді 100 пайыз орындаймыз. Қазір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін реттестіріп жатырмыз. Кілт табыстар сәтке қарай, барлық үйді жылумен қамтимыз. 

Компания өкілдері: «Желтоқсанның ортасына қарай баспана кілті табысталады», - дейді. Алайда үлескерлер: «Көптен күткен сәтті өз көзімізбен көрмейінше, бос уәдеге сене алмаймыз», - деп отыр.

Авторлары: Дана Әлиева, Руслан Тәуірше, Артур Горшняков

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью