Астанада электр самокаттарға бақылау күшейеді: жыл басынан бері 45 жол апаты тіркелді

03.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қалада 294 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тауып, 373 адам жарақат алған. Оның ішінде электр самокаттардың қатысуымен 45 жол-көлік оқиғасы орын алып, 50 адам зардап шеккен. Қаза болғандар тіркелмеген.

Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің мамандары электрсамокат пайдаланушылар тарапынан жиі кездесетін құқықбұзушылықтарды атап өтті. Атап айтқанда, бір самоката екі адам болып жүру, жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өту, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың электрсамокаттарды пайдалануы. Аталған заң бұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіптөндіріп, жол-көлік оқиғаларының орын алуына ықпал етеді.

— 2023 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, электрсамокаттар шағын электркөлік құралдары санатына жатқызылып, жол қозғалысының толыққанды қатысушылары ретінде танылған. Оны басқаратын тұлғаларға ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес, жол қозғалысы қағидаларының талаптары толық көлемде қолданылады және оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген, — деп хабарлады әкімдіктен.

Электр самокаттарды пайдалану міндетті талаптарды сақтау қажет. Атап айтқанда, жүргізушілерге қорғаныш шлемін кию және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерді пайдалану міндеттеледі. Бұл талаптарды сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірқатар баптарымен реттеледі. Атап айтқанда, 593-бап бойынша жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін (мысалы, бір самокатпен екі адамның жүруі) жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар 620-бапта жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге талаптарды бұзу, ал 615-бапта жол қозғалысы қағидаларын сақтамау жағдайлары қарастырылған. Сондай-ақ, электр самокаттарды кәмелетке толмағандар пайдаланған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес жауапкершілік олардың заңды өкілдеріне жүктеледі.

Электр самокат жүргізушілеріне қозғалыс тәртібі нақты регламенттелген.

— Қолданыстағы ережелерге сәйкес, олар велосипед жолымен немесе арнайы велосипед жолағымен жүруге құқылы. Ал мұндай инфрақұрылым болмаған жағдайда, самокат жүргізушілеріне жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен бір бағытта қозғалуына рұқсат етіледі, — деп ескертті құқық қорғау саласының мамандары.

Сонымен бірге, қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған, көлік құралын басқаруға құқық беретін жүргізуші куәлігі немесе уақытша куәлігі жоқ азаматтарға жолдың жүріс бөлігімен қозғалуға тыйым салынады.

— 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электр самокаттарды пайдалану кезіндегі құқықтық талаптар айтарлықтай күшейтіледі. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің жаңа 619-2-бабы енгізіліп, электр самокаттарды басқару құқығы жоқ тұлғаларға оларды пайдалануға берген операторларға жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар, кикшеринг жүйесіне қатысты қосымша реттеу шаралары енгізіледі. Енді электр самокаттарға тіркеу нөмірлері беріліп, оларды міндетті түрде есепке алу жүйесі енгізіледі. Операторлар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талабы белгіленеді, — делінген хабарламада.

Қауіпсіздік мақсатында электр самокаттарды басқарудың ең төменгі жасы 18 жас болып бекітіледі. Ал жолдың жүріс бөлігімен қозғалу үшін жүргізуші куәлігі міндетті талапқа айналады.

ҚР «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңының 2025 жылғы редакциясына сәйкес, электр самокат операторларына тіркеу нөмірлерін беру және оларды көлік құралдарына орналастыру арқылы есеп жүргізу міндеті жүктеледі.

Электр самокаттарды бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында цифрлық шешімдер енгізілуде.

Атап айтқанда, «Сергек» компаниясымен бірлесіп, тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Цифрлық технологияларды қолдану және сәйкестендіру жүйесі құқықбұзушыларды тиімді анықтауға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және пайдаланушылардың тәртібін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шеринг операторларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұған дейін самокат операторларына жаңа талаптар енгізілгенін жаздық.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью